Маңғыстауда 68 жастағы тұрғын банкрот деп танылды. Ол ел бойынша банкрот болған ең қарт адам. Енді оның 1 миллион 300 мың теңге көлеміндегі қарызы кешіріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңы күшіне енгелі бері, облыста 2500 ге жуық тұрғын өзін-өзі банкрот деп тануға арызданған. Соның ішінде 29 адам банкрот деп танылды. Оның 12-сі Ақтау қаласының тұрғындары. Мұнайлы ауданынан 9 адам. Басқа аудандарда 1 адамнан бар. Банкрот болған тұрғындардың жалпы қарызы- 66,3 млн теңгені құрайды. Олардың қарыздары кешіріліп, есептен шығарылады.
"Бұл рәсімнің салдары бар. Яғни 5 жылдан астам уақыт жаңа несие алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, мұндай азаматтардың үстінен 3 жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізілетін болады. Жүйе арқылы бұл азаматтар туралы ақпарат 2-деңгейлі банктерге жіберіледі. Сондықтан несие ала алмайды",-дейді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Базарбек Баймағанбетов.
Сонымен қатар, облыс бойынша тағы 17 адам сот банкроттығы рәсімін қолданған. Соның ішінде 1 тұрғынның арызы қанағаттандырылып, банкрот деп танылды. Бүгінгі таңда аймақта 236 тұрғынның өзін банкрот деп тану туралы өтініші бойынша, мониторинг жүргізілуде.
Сая Мәжитқызы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!