Үкімет отырысында Қазақстан болашақта қай елдерге бидай жеткізуі мүмкін екені айтылды. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев астық бойынша Қазақстанның экспорттық әлеуеті туралы баяндама жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төребаевтың айтуынша, Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға бағаланады, оның 7,5 млн тоннасы - бидай, 1,4 млн тоннасы - арпа, 300 мың тоннасы жүгері. Майлы дақылдар бойынша 1 млн тоннадан асады деп бағаланады.
"Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің нарықтарына астық жеткізуді жалғастырады, бұл - шамамен 4,2 млн тонна. Қытайға астық экспорты 2023 жылы 1,4 млн тоннаға жетіп, жылына 5,5 есе өсім көрсетті", - деді Қайрат Төребаев.
Вице-министр Қытайға бидай экспорты айтарлықтай өсіп, 2023 жылы 538,8 мың тоннаға жеткенін мәлімдеді, бұл былтырғы көрсеткіштен 15 есе артық.
"Бұл Қытай мен Азия елдеріне 1,6 млн тоннаға дейін бидай жеткізу мүмкіндігін көрсетеді. Қытай органдарының талаптарына байланысты шекарада кідіріс мәселесін, сондай-ақ Қытайдағы қазақстандық астық импортына лицензиялар мен квоталар сияқты күрделі шарттарды пысықтау маңызды", - деді Қайрат Төребаев.
Вице-министр жаһандық сұраныс артуы және бірқатар елде өнімділік төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропа Одағы елдерінің нарығы тартымды екенін мәлімдеді. Түркия мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттың әлеуеті 1 млн тоннаға жуық.
"Иран нарығына жеткізілімдерді қалпына келтіру маңызды, арпа бойынша динамиканы көріп отырмыз, сауданы қаржыландыру және логистика мәселелері пысықталады. Қазақстандық бидай брендін Пәкістан, Индонезия, Бразилия, Малайзия сияқты жаңа нарықтарда ілгерілету жөніндегі жұмыс жандандырылады, онда импорттың өсуі болжанады", - деп түйіндеді Қайрат Төребаев.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
"Астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі керек. Сондай-ақ фитосанитарлық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауға тиіс. Биылғы егіннен шамамен 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырмыз. Сауда және интеграция министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, өндірілген өнімді дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа нарықтарға да өткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды. Көлік министрлігі "Қазақстан теміржолы" компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітуі қажет", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!