- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан бензин бағасы...
Қазақстан бензин бағасы арзан 10 ел қатарында екені рас па?
БАҚ беттерінде Қазақстан бензин бағасы арзан әлемдегі 10 ел қатарында және бензин бағасының арзандығы бойынша Қазақстан әлемде 6-орында деген ақпарат тарады. Factcheck.kz Қазақстанның бензин бағасына қатысты деректі тексеріп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәлімдеме: Numbeo деректері бойынша Қазақстандағы бензиннің құны 0,49 доллар. Бұл әлемдегі бензиннің арзандығы бойынша 95 елден 6-орын.
Үкім: Манипуляция
Біз осыған дейін Numbeo ұйымының рейтинг жүргізу методикасы күмән тудыратынын жаздық. Әрі Numbeo-ның бензин бағасы бойынша рейтингінде бағаның қандай маркалы бензин үшін көрсетілгені анық емес. Бұдан бөлек, әр елдің бағасына қатысты деректерді кез келген адам толтыра алады және ол деректердің растығы тексерілмейді.
Globalpetrolprice рейтингінде Қазақстан бензин бағасының арзандығы бойынша 11-орында тұр. Орталық Азия елдерінен ең арзан бензин Түркіменстанда (0,428 доллар), ол бензин бағасы төмендігі бойынша 8-орында.
Globalpetrolprice ұсынған рейтинг АИ-95 маркалы бензин бағасымен жасалған. Бұл сандарға ұлттық статистика бюросының деректері сәйкес келеді — елімізде қазір АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі 253 (0,53 доллар)
Мәлімдеме: ТМД елдерінің ішінде бұл (Қазақстан көрсеткіші) ең төменгі көрсеткіш. Салыстырмалы түрде Ресей мен Әзербайжанда бензиннің құны 0,62 доллар, Беларусьте — 0,74 доллар, Өзбекстанда — 1,01, Арменияда — 1,37 доллар.
Үкім: Шындық
ТМД елдеріндегі бензин бағасына қатысты деректер Numbeo сайтынан алынған. Дегенмен Numbeo ресурсының методологиясына сұрақтарымыз көп болса да, Қазақстанда ТМД елдерінің ішінде бензин арзан екені рас.
Елімізде АИ-95 маркалы бензин бағасын салыстырғанда, Қазақстанда 1 литр үшін 0,53 доллар. Қазақстаннан кейін бензин бағасы Ресей (0,58 АҚШ доллары) мен Әзербайжанда (0,64 АҚШ доллары) арзан.
Біз осыған дейін ЕАЭО елдері арасында ең арзан бензин Қазақстанда екенін жазған едік.
Мәлімдеме: Әлемдегі ең арзан бензин Ливанда (0,03 доллар), одан кейін Мысыр (0,26 АҚШ доллары) және Алжирде (0,33 АҚШ). Ең қымбат бензин Гонконгта ( 3,11 АҚШ доллары), Сингапур ( 2,14 АҚШ доллары) және Швейцария ( 2,11 АҚШ).
Үкім: жалған
Ең қымбат және ең арзан бензин бағасына қатысты ақпарат та Numbeo рейтингіне сүйеніп жасалған және деректер шынайы бензин бағасымен сәйкес келмейді.
Ең арзан бензин — Иранда (0,029 доллар), Либия (0,031 доллар) мен Венесуэлда (0,035доллар).
Әлемдегі ең қымбат бензин — Гонконгта (3,27 доллар) одан кейінгі орында Монака (2,371 доллар) мен Исландияда (2,283 доллар).
Мысыр әлемдегі бензин бағасы төмен 4-мемлекет, онда бір литр бензин бағасы 0,307 АҚШ доллары. Алжирде де бензин бағасы салыстырмалы түрде арзан, литр үшін 0,343 доллар. Ал Ливанда бензин бағасы төмен деп айтуға келмейді, Ливанда бензин бағасы 0,794 доллар.
Бензин бағасы ең қымбат делінген Швейцария (2,154 доллар) мен Сингапур (2,115 доллар) бензин бағасы қымбаттығы бойынша 7 және 8-орындарда.
Контекст
Eлдердің бензин құнын салыстыру барысында бағаға әсер ететін факторларды ескеру керек. Әдетте экономикалық жағдайы жақсы елдерде бензин қымбат, ал кедей мемлекеттер мен мұнай өндіретін және экспорттайтын елдердің бағасы айтарлықтай төмен болады. Оның үстіне елдер арасындағы бағаның айырмашылығы бензинге салынатын салықтар мен субсидиялардың әртүрлілігіне де байланысты. Барлық ел мұнай мен мұнай өнімдерін шамамен бірдей бағамен сатып алады. Тиісінше, елдер арасындағы баға айырмашылығы ең алдымен әртүрлі салықтарға немесе субсидияларға байланысты. Нәтижесінде, бензиннің бөлшек сауда бағасы әртүрлі.
Қазақстанда бензин бағасының төмен болуы, елде үлкен көлемді мұнай өндірісіне байланысты, ел экономикасы мұнай экспортына тәуелді. Бұл бензиннің бағасына тікелей әсер етеді. Орталық Азия аумағында Қазақстандағы бензин бағасы мұнайды онша көп өндірмейтін көрші елдермен салыстырмалы түрде төмен. Мәселен, Өзбекстан немесе Қырғызстанда бензин бағасы өндіріс пен субсидиялаудың әртүрлі динамикасына байланысты қымбат болуы мүмкін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек