Қазақстан БДТ құбыры арқылы мұнай транзитін 20 млн тоннаға дейін арттырады

Қазақстан Баку - Тбилиси - Жейхан (БТД) құбыры арқылы мұнай жеткізу көлемін жылына 1,5 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін арттыру мүмкіндігін зерттеп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2024 жылы БТД арқылы 1,5 млн тонна қазақстандық мұнай жеткізу жоспарланған. Осы бағыт бойынша жеткізу көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін арттыру мүмкіндіктерін қарастырып отырмыз", - деді Сәтқалиев Парламенттегі Үкімет сағатында.

Осылайша, Баку - Тбилиси - Жейхан құбыры арқылы мұнай жеткізу көлемі 13 еседен аса өсуі мүмкін. Министрдің сөзінше, қазақстандық тарап пен әзербайжандық серіктестер бұл көлемдерді арттыруға мүдделі.

Айта кетейік, Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру мақсатында өткен жылы БТД арқылы жеткізуді бастаған болатын. Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы мен "ҚазМұнайГаз" арасында жылына 1,5 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалдау туралы келісімге қол қойылған. Экспорт 2023 жылғы сәуірде басталды.

 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!