- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан Батыс елдерінен...
Қазақстан Батыс елдерінен қару-жарақ сатып ала ма?
Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыдықов Ресей мен Украина соғысынан кейін Қазақстан Батыс елдерінде жасалған қару-жарақты сатып алуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан шыққан министрдің орынбасарына журналист "Украина мен Ресей арасындағы соғыстың басталғанына бір жылдан асты. Соғысты бақылап отырсыздар ма? Батыс, Еуропа, АҚШ елдері Украинаға қару-жарақты үйіп-төгіп беріп жатыр. Himars және Leopard, Abrams танкілері бар. Осыған байланысты Қазақстанның қару-жарағы жаңара ма? Қазақстан Батыс елдерінде жасалған Himars-ты, Abrams танкісін, әскери ұшақтарды сатып алуы мүмкін бе?" деген сұрақ қойды.
Бақытбек Сыдықов Қазақстан соғысты бақылап отырғанын жеткізді.
"Қорғаныс министрлігі бұл қақтығысты үнемі қадағалап отыр. Оның ішінде Батыс елдері жасаған заманауи қару-жарақ құралдарын қолдану да бар. Бүгінде бұл үлгілерді (қару-жарақты - еск.) қарастырмаймыз. Өйткені олар өте қымбат. Біз (қару-жарақтың, әскери техниканың - еск.) баға-сапа қағидаты бойынша тұрақты мониторинг жүргіземіз. Осының негізінде тиісті үлгілер таңдалады, олар (Батыста жасалған әскери техникадан, қару-жарақтан - еск.) кем түспейді", - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, қорғаныс министрінің орынбасары бүгінде еліміз қару-жарақты көбіне қай елден сатып алатынын айтты.
"Бүгінде Ресей мен Беларусьтің (әскери - еск.) өнімдерін сатып алуға қатысты санкция енгізілген. Осыған байланысты біз әртараптандыру аясында басқа елдерден (қару-жарақты, әскери техниканы салып алу - еск.) жағын да қарастырамыз. Бүгін біз көбіне қару-жарақты Түркия, Қытай мен Сербиядан сатып аламыз", - деді Бақытбек Сыдықов.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz