Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа Конституция қабылдануына байланысты "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Қазір облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.
Президент әкімшілігінің, Аягөз ауданы Мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Аягөз ауданының әкімі лауазымына Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды.
"Аягөз ауданы - облыстағы стратегиялық маңызы бар бірден бір аймақ. Аудан ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және әлеуметтік саланы дамыту үшін жоғары әлеуетке ие. Сонымен қатар, логистика мен сауданың дамуына ықпал ететін маңызды көлік қиылысында, яғни тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, бұл жұмыстардың бәрін жүйелі жолға қойып, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы және лайықты жүзеге асыру аса маңызды. Айбек Серікболұлының тәжірибесі жеткілікті", – деді Берік Уәли.
Айбек Серікболұлы Абай облысы Абай ауданы Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын дене шынықтыру мамандығы, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастады. Шығыс Қазақстан облысының жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті.
Алты жылдан аса уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.
Сондай-ақ, ол - самбошы, түйе палуан, ауыр салмақта халықаралық спорт шебері, қазақ күресінен Қазақстан, Азия, Еуразия, әлем чемпионы.
2013 жылы "Қазақстан барысы" республикалық турнирінде жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз