“Қазақстан да бар“. Пәкістанда елшілер делегациясын алып жүрген көлік жарылды

“Қазақстан да бар“. Пәкістанда елшілер делегациясын алып жүрген көлік жарылды
Фото: DawnNews

Пәкістанда қазақстандық елші Ержан Қыстафин мен 11 елдің елшісін алып жүрген полиция көлігі мина басып, жарылды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкіл Айбек Смадияров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

22 қыркүйекте болған оқиға салдарынан үш полицей жараланып, біреуі қайтыс болған. 

"Біздің елшіміз колонна құрамында болған. Бірақ қазақстандық және шетелдік елшінің бірде-бірі зардап шеккен жоқ, олар қауіпсіз жерде. Елшілердің бәрі Исламабадқа оралды. Елшілер Исламабадтың Сауда-өнеркәсіп палатасы туризмге қатысты ұйымдастырып жатқан конференцияға қатысуға бара жатқан", - дейді Смадияров.  

Geo телеарнасының мәліметінше, көлікте – Ресей, Қазақстан, Португалия, Эфиопия, Индонезия, Тәжікстан және Иранның елшілері отырған. 

Ал пәкістандық DawnNews мәліметінше, әзірге террористік ұйымдардың ешқайсы бұл оқиғаға қатысты жауапкершілікті өзіне алмаған.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина