Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік бағасының өсу қарқынында ең төменгі көрсеткішті сақтап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
2024 жылдың 30 қарашасында Сауда және интеграция министрлігі берген ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан азық-түлік тауарларының бағасының өсу қарқынында ең төменгі көрсеткіште Армениядан кейін екінші орында тұр. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,9%-ды құрады, Ресейде 4,5%, Беларусьте 3,7%.
Ведомствоның мәліметінше, қыркүйекте Қазақстанда жылдық инфляция 8,3 пайызға дейін баяулады, азық-түлік бағасының өсу қарқыны жылдық мәнде 5,1 пайызға дейін төмендеді.
"9 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік бағасы тамыз айымен салыстырғанда тұрақты қалды. 7 тауар бойынша көрсеткіш төмендеген. Оның ішінде сәбіз, күріш, жұмыртқа, қырыққабат, қарақұмық, күнбағыс майы және ұн бар", - делінген материалда.
Сонымен бірге Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру мақсатында келесі қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті:
Министрлік жыл басынан бері аумақтық бөлімшелер сауда үстемесін асыра қолданғаны үшін 4014 әкімшілік қаулы шығарғанын хабарлады. Жалпы сомасы 25 млн теңгеге 667 айыппұл мен 3,3 мыңнан астам ескерту жасалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қаулылар саны 4 есе өскен.
"Бұзушылықтарды анықтаудың маңызды құралы ретінде электрондық шот-фактуралардың (ЭСФ) талдауы қолданылады. Алты ай ішінде азық-түлік тауарларын жеткізу тізбектерінің 8,9 мыңнан астамы талданып, сауда заңнамасын бұзудың 3 мыңнан астам тәуекелдері анықталды. Сауда үстемесін асыра қолданғаны үшін әкімшілік жазаларды күшейту бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне түзетулер енгізу әзірленді. Атап айтқанда, субъектілікке байланысты бірінші бұзушылық үшін ескертуді 5-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұлмен алмастыру ұсынылады", - деп қосты министрлік.
"Делдалдық схемаларды тергеу бойынша өңірлік комиссиялар белсенді жұмыс істеуде. Жыл басынан бері комиссиялардың 1169 отырысы өткізіліп, шамамен 3,2 мыңға жуық өнімсіз делдалдық пен сауда үстемесін асыру фактілері анықталды. Кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Кешенді жұмыстың нәтижесінде біз ӘМАТ бағаларының 5%-дан 30%-ға дейін төмендеуін байқаудамыз", - делінген ведомство хабарламасында.
Жұмыртқа бағасының өсуіне жол бермеу үшін Сауда және интеграция министрлігі мен Қазақстан Құс өсірушілер одағы, Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы арасында биылғы жылдың соңына дейін жұмыртқа бағасының жоғарғы шегін бекіту бойынша ынтымақтастық меморандумдары жасалды. Өз кезегінде, отандық жұмыртқа өндірушілерін қолдау мақсатында биылғы жылдың 1-мамырынан бастап 6 ай мерзімге автокөлікпен жұмыртқа әкелуге шектеу енгізілді.
Ресей тарапынан қант экспортына енгізілген шектеу шараларына байланысты ішкі нарықты қорғау мақсатында 14-маусымнан 31-тамызға дейін ЕАЭО елдеріне және үшінші елдерге Қазақстан аумағынан қант экспорттауға тыйым салынды.
Сондай-ақ ҚР Сауда желілері одағымен сауда желілерінің сөрелерінде отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға және отандық өндірісті дамытуға жәрдемдесуге бағытталған бірлескен шараларды қабылдау туралы меморандумға қол қойылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!