Қазақстан азаматы Оңтүстік Корея президентінің сыйлығына ие болды

Қазақстан азаматы Оңтүстік Корея президентінің сыйлығына ие болды. Жүлдені Президент Юн Сок Ёль атынан Дмитрий Лиге Инчхон қаласының мэрі табыстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Хабар 24" телеарнасының хабарлауынша, жерлесіміз басқарып отырған компания бір жыл ішінде 30 миллион долларға тауар экспорттап, жергілікті биліктің ерекше ықыласына бөленген.

Дмитрий Ли Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға 2019 жылы көшіп барған. Бастапқыда жүргізуші болып жұмыс істеп, кейін көлік экспортымен айналысатын компания құрған. Кореяға көшкенге дейін жерлесіміз еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. KAZAKH-TV арнасында ағылшын тілінде жаңалықтарды жүргізді.

"Бұл сыйлықтың иегерлері Корея экономикасына қомақты үлес қосты. Біз экспорттаушыларды жергілікті және шетелдік деп бөлмейміз. Жүлде кем дегенде 1 миллион долларға кореялық тауарларды экспорттаған бизнесмендерге беріледі", -  Корея сауда қауымдастығының Инчхон орталығы директоры Сим Джун Сок.

Ал Дмитрий Лидің айтуынша, оған шет тілді, оның ішінде ағылшын мен орыс тілін жетік білетінім көп көмектескен.

"Әрине, мұнда жергілікті кәсіпкерлермен салыстырғанда, бізге, шетелдіктерге әлдеқайда қиын. Өйткені тіл мен заңнаманы жақсы біле бермейсің. Мұның бәрін зерттеуге көп уақыт қажет. Бірақ маған бірнеше шет тілді, оның ішінде ағылшын мен орыс тілін жетік білетінім көп көмектесті. Әсіресе шетелдік сатып алушылармен кездесіп, байланыс орнатуыма септігін тигізді", - дейді автокөлік экспорттаушы компанияның басшысы Дмитрий Ли.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!