Қазақстан азаматтығын алған ресейлік блогер қоғамда талқыға түсті

"Алға, Петербург" Instagram-парақшасы арқылы танымал блогер Иван Червинский Қазақстан азаматтығын алғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алайда блогердің қуанышты жаңалығы желіде қызу талқыға түсті. Бір топ қолданушы Червинскийдің Қазақстанды жақсы насихаттап жүргенін айтып, оны қолдаса, енді бірі бұл жағдайды қандастардың азаматтық алу мәселесімен салыстырды.

"Тәуекел" ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов құзырлы органдар Иван Червинскийге азаматтық қандай тәртіппен берілгенін тексеруі керек деп санайды. Оның айтуынша, шетелден елге оралған көптеген қандас ықтиярхат пен азаматтық алу кезінде әлі де қиындық көріп жүр.

Бурахан Дақанов бұл бір адамға қарсылық емес, азаматтық беру тәртібіндегі әділдік мәселесі екенін айтты.

Червинский туралы не белгілі?

Иван Червинский Санкт-Петербургте дүниеге келген. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, ел ішіндегі саяхат, тарих және мәдениетке арналған жобаларын дамыта бастады.

Қазір блогер YouTube пен Instagram арқылы Қазақстан өңірлері, жергілікті дәстүрлер, көрікті жерлер және елдегі өмір туралы контент жариялап жүр. YouTube-та оның шамамен 440 мың, Instagram-да 300 мыңға жуық оқырманы бар.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!