Қазақстан азаматтары тағы бір елде заңды түрде жұмыс істей алады

Қазақстан азаматтары тағы бір елде заңды түрде жұмыс істей алады
Фото: pixabay.com

Қазақстан азаматтарының енді Латвияда заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік туады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев көші-қон мәселелері бойынша Қазақстан-Латвия бірлескен консультацияларына қатысты. Тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық режимді оңайлату, визаға құжаттар беру және осы үдерістегі делдалдардың рөлі, Латвияда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау мәселелерін қарастырды. 

Еңбек саласындағы өзара іс-қимылды жақсарту және екіжақты ынтымақтастық шеңберінде заңды еңбек көші-қонын қамтамасыз ету мақсатында Латвия Республикасындағы қазақстандық еңбекшілердің құқықтарын қорғау және олардың жұмысқа орналасуы үшін жағдай жасауға бағытталған үкіметаралық келісім жасасу мәселелері талқыланды.

"Мұндай келісім жасасу қазақстандықтарға Латвияда еңбек қызметін заңды түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Таяу уақытта министрліктің көші-қон комитеті Латвия тарапына үкіметаралық келісімнің жобасын қарауға жібереді. Көші-қон мәселелері бойынша келіссөздер мен консультациялар жалғасады" делінген хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан