Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара тану жөнінде келісімге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның ішкі істер министрі Біріккен Араб Әмірліктеріне (Абу-Даби қаласы) жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ішкі істер министрі Ержан Саденов Біріккен Араб Әмірліктері премьер-министрінің орынбасары әрі ішкі істер министрі Шейх Саиф бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.
Келіссөздердің басты нәтижесі ретінде Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ішкі істер министрлігі арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа қол қою екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және қосымша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне шамамен 400 мың Қазақстан азаматы барады. Сонымен қатар, БАӘ аумағында 14 мыңға жуық қазақстандық азамат тұрады.
Қол қойылған меморандум оларға жүргізуші куәлігін пайдалану кезінде жеңілдіктер әкелмек. Меморандум тараптар ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!