Қазақстан авторлар қоғамы 421 әншіге іздеу жариялады

Қазақстан авторлар қоғамы 421 әншіге іздеу жариялады
Фото: pixabay.com

"Қазақстан авторлары қоғамы" (ҚазАҚ) өкілдері ұйымның сайтында жарияланған "іздеудегі әртістер тізіміне" қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұйымның сайтында "іздеудегі авторлар тізімі" жарияланған болатын. Тізімде Әли Оқапов, Димаш Құдайберген, Дархан Джуз, Иманбек, Қайрат Нұртас, Raim & Artur, RinGo, Sadraddin, Say Mo, Son Pascal, M'Dee, V $ X V PRiNCE, Ғалымжан Молданазар сияқты танымал әншілер бар.

Ұйым жалпы саны 421 орындаушыға "іздеу" жариялаған. Тізімде пайдаланылған туындылары үшін ақы төленуге тиіс өнер адамдары көрсетілген. Енді олар осы тізімнен өздерін тауып, ҚазАҚ-қа хабарласуы керек.

"Біз барлық жерде оларды іздеуге міндеттіміз, қоңырау шаламыз. Бұл адамдар сайтта ілініп тұр. Неліктен ол адамның өзі қаламақысының қайда екенін іздемейді? Келіңіздер, біз барлық авторлардың қаламақысын төлеуге дайынбыз. Кейбір авторлық құқық иелері "Мен ақша алмаймын, ешқашан алған емеспін" дейді. Сіздің реквизиттеріңіздің қандай екенін біз қайдан білеміз?", – дейді ҚазАҚ ұйымы бас директорының орынбасары Әнуар Ерсұлтан.

Осы орайда ол Қазақстандағы өнерде, музыкада, виртуалды салада өнермен айналысатын бүкіл жас буынның директорлары, менеджерлері бар екенін еске салды. Айтуынша, солар жұмыс істеуі керек. Авторлық және сабақтас құқықтардың не екенін, авторлық сыйақы қай жерде екенін білулері қажет.

"Олар бізге кез келген уақытта хабарласа алады. Біз ашық ұйым ретінде ақшаны төлейміз. 5, 10 жылдың барлық ақшасы қазақстандық авторлар қоғамында жатыр", – деді Әнуар Ерсұлтан.

Әділет министрлігінің сайтында ҚазАҚ ұйымының авторлар туындысының тек көпшілік алдында орындалғаны немесе кабель арқылы және эфирде жарияланғаны үшін сыйақы алу құқығын іске асыру бойынша аккредиттелгені көрсетілген.

Журналистер ұйым өкілдерінен тиісті аккредитациясыз, Meta-мен келіссөздер жүргізіп, авторлардың туындыларын сандық сегментте пайдалану үшін қаражат жинай алатыны рас па деп сұрады. Ал ұйым өкілдері авторлық құқықты қорғауға қажетті құжаттар мен өкілеттіктердің барлығына ие екендерін мәлімдеді.

"Бізде сандық сегментте, авторлық құқықты қорғау бойынша кез келген сегментте аккредитация бар", - деді Қазақстан авторлар қоғамының бас директоры Айнұр Есендікова. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина