Апта басталғалы Қазақстанның басым бөлігінде үскірік аяз жүріп жатыр. Соның салдарынан, солтүстік аймақтарда суық ауа райынан зардап шегіп жатқан тұрғындар саны артуда. Ал аяздың беті қашан қайтады? Қазгидрометтің таратқан ақпаратына көз жүгіртейік.
Алдағы екі тәуліктің ішінде қазіргі аяз сақталады. Синоптиктер алдағы күндердегі ауа-райын былай болжады:
«Қазақстанның батыс облыстарына жылжып келе жатқан атмосфералық фронттар Қазақстаннын басым бөлігіндегі қатты аязды тудырған арктикалық ауа массаларымен бірге антициклонды ығыстыра бастайды.
Алдағы екі тәулікте республиканың басым бөлігінде аномальді суық ауа райы сақталады. Бірақ атмосфералық ағындардың шығысқа қарай ығысуына байланысты елімізде қайтадан қар жауады, батыстан күші жел келеді және боран соғады, сондай-ақ температураның жоғарылауы күтіледі», - делінген синоптиктердің хабарламасында.
Еліміз бойынша аяз қатты жүріп жатқан аймақтың бірі – Астана қаласы. Осыған байланысты, көлік жүргізушілер үсіп қалудың алдын алу үшін аялдамаларда автобус күткен жолаушыларды өз көліктерімен керек жеріне жеткізіп тастап жүр. Бұл қазіргі уақытта челленджге айналып үлгерді. Атауы – «Жақсылық жаса». Қала тұрғындары бұл үрдіске барлық қала тұрғындарын атсалысуға шақырып жатыр.
Facbook әлеуметтік желісінде Евгений Александрович есімді желі қолдушысы осы тақырыпқа байланысты былай деп жазыпты:
«Маңайымызда жақсы адамдар баршылық. Өзім қала шетінде тұрғандықтан, мұндай аязда үйге жету оңайға түспейді. Бүгін автобус күтіп, аялдамада жалғыз тұрған едім. Әдетте, автобустар жиі келе бермейтін шақ еді. Осы кезде бір көлік жақындап келіп, «отыр, апарып тастаймын» деді. Ал қолымда қолма-қол ақша жоқ-тын - бәрі карточкада еді. Тоқтаған көлік иесіне: «Жарайды, автобуспен жетіп алармын» дедім. Осы кезде адамдар жиі айта бермейтін «Тегін апарып тастаймын. Әйтпесе тоңып қаларсың» деген сөзді естідім. Ақыры, осылайша, үйге жетіп алдық. Жолда ол тағы да үш адамды отырғызып алды. Тіпті өз үйінен алыс болса да, отырғызған адамдардың бәрін де үйіне жеткізіп тастады», - дейді астаналық тұрғын.
Аялдамада қоғамдық көліктің келуін күтіп, кенет көлік жүргізушілердің жақсылық жасауымен үйіне жеткен тұрғындар өз алғыстарын Facebook арқылы жеткізіп жатыр. Барлық жазбаны #ЖақсылықЖаса, #ДелайДобро хэштектері арқылы оқуға болады.