Қазақстан Ауғанстанда су ресурстарын зерттейтін алғашқы орталық ашуға қатысады

Кабулда су ресурстарын басқару саласындағы алғашқы Қазақстан-Ауғанстан білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы құрылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Кабул университеті арасында су ресурстарын басқару мен ирригация, ауыл шаруашылығын дамыту саласында ынтымақтастық бойынша тиісті келісім жасалған.

Құжатқа вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға сапары шеңберінде қол қойылған.

Орталықты Кабул университетінің базасында құру жоспарланған. Бұл - су ресурстары, ирригация, ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы оқу-зерттеу мекемесі.

Жаңа орталық маман даярлау, білім алмасу, бірлескен зерттеу жүргізу, су-аграрлық секторда заманауи шешімдер енгізудің тәжірибе алаңына айналады. Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар білім беру бағдарламаларын жүргізеді.

Суреттер: primeminister.kz

Кабул университеті - Ауғанстанда 1932 жылы құрылған ең көне, ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны. Университетте 22 факультет, пәнаралық ынтымақтастыққа арналған ауқымды академиялық база бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз