“Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтамын“. Тоқаев Рыбакинамен кездесті

“Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтамын“. Тоқаев Рыбакинамен кездесті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинамен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесіне ие болуымен құттықтады.

Президент тарихи мәні зор осынау табыс отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын айтты.

"Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды. Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне айрықша тоқталды.

"Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елена Рыбакина Мемлекет басшысына өзін ұдайы қолдағаны, сондай-ақ, Қазақстанда үлкен теннис дамуына айрықша қамқорлық көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді. Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын мәлімдеді.

Теннисші алдағы уақытта да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуанта беруге ниетті. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget