Ауыл шаруашылығы министрлігі астық экспорты 12 миллион тоннаға дейін өседі деп болжап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның ішінде 6,5-7,5 млн тоннасы - бидай. Экспорт географиясы 40-тан аса елді қамтиды.
Дәстүрлі нарықтар - Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис.
Биылғы қарашаның аяғына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық", - деп жазылған хабарламада.
Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр. Негізгі нарықтар - Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түрікменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдау мәселесі шешіліп жатыр.
"Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанда астықты тасымалдауды жоспарлау үшін жедел астық штабын құру жұмыстары басталды. Экспорт географиясын кеңейту мақсатында халықаралық дәліздер құру жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Massaget.kz тілшісі Ауғанстанның астық шаруашылығына жауапты өкілімен сұхбаттасып, Қазақстанның ұны туралы пікірін сұрады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз