Қазақстан астығы қайда тасымалданып жатыр?

Қазақстан астығы қайда тасымалданып жатыр?
Фото: depositphotos.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі астық экспорты 12 миллион тоннаға дейін өседі деп болжап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан қанша елге астық жеткізеді?

Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның ішінде 6,5-7,5 млн тоннасы - бидай. Экспорт географиясы 40-тан аса елді қамтиды.

Дәстүрлі нарықтар - Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис.

Биылғы қарашаның аяғына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық", - деп жазылған хабарламада.

  • Өзбекстанға жеткізілімдер көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаға жетті, былтыр бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді.
  • Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті.
  • Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті (былтыр 304 мың тонна).
  • Ауғанстанға жеткізілім көлемі 71%-ға ұлғайып, 115 мың тонна болды (былтыр 67 мың тонна болған).
  • Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін, 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты.

Биылғы болжам қандай?

Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр. Негізгі нарықтар - Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түрікменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдау мәселесі шешіліп жатыр. 

"Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанда астықты тасымалдауды жоспарлау үшін жедел астық штабын құру жұмыстары басталды. Экспорт географиясын кеңейту мақсатында халықаралық дәліздер құру жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Massaget.kz тілшісі Ауғанстанның астық шаруашылығына жауапты өкілімен сұхбаттасып, Қазақстанның ұны туралы пікірін сұрады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова