"Қазақстан аруы-2015" байқауының жеңімпазы 5 миллион теңге жүлде алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында fashion-продюсер Сәкен Жақсыбаев мәлімдеді.
Мұндай жүлде биыл бірінші рет тігіліп отыр. Былтыр оның көлемі 1 миллион теңге болған еді. Жақсыбаевтың айтуынша, бұл тәжге қосылып берілетін жақсы сый. Бұл сомаға "Қазақстан аруы-2015" бизнес ашып немесе оқуын және мансабын жалғастыра алады. Сонымен қатар, сұлулық байқауының директоры Алена Ривлина байқауға қатысудың тегін екенін айтты, жалғыз шарт - Қазақстан азаматтығының болуы.
Айта кетейік, жеңімпазды осымен екінші жыл қатарынан sms-дауыс беру арқылы таңдауға болады. Бірақ әділ қазылар алқасы алдымен үш қызды таңдайды, қазақстандықтар сол үшеуінің біреуіне таңдау жасайды. Еске сала кетейік, байқауға қатысамын деуші қыздарды тіркеу 11 қазанда аяқталады, ал байқау 10 желтоқсанда Астанада өтеді.