Өз ойым... бағдарламасының бүгінгі шығарылымында қонақтар Қазақстан аруларын кімдер таңдайды? деген сауалдың төңірегінде өз ойын айтады. Эфир кейіпкерлері ретінде Мисс Қазақстан-2018 байқауының жеңімпазы Альфия Ерсайын, Қазақ Аруы-2018 атанған Нәбира Рахымжанқызы, Мисс Virtual Kazakhstan 2018 конкурсына қыз кейіпнде танысып, халық таңдауы бойынша жартылай финалға жеткен Илай Дягилов пен Мисс Қазақстан-2006 байқауының жеңімпазы, бүгін 4 баланың анасы атанған Гауһар Рахметалиева шақырылған. Ал Альфия Ерсайынның ата-анасы Асылбек Есжанов пен Айжан Орынбаева, ТМД аруы-2017 байқауының қатысушысы Әлия Бекболатова мен аталған сұлулық байқауларына қарсы пікірді ұстанатын композитор Жалғас Кеңесов сарапшылар болып қатысады. Тікелей эфирдің мақсаты адамдардың жалған емес, тек шынай эмоциясын көрсету. Қызыққа толы ток-шоу отандық телевидениедегі жаңа бағыт болады. Әртүрлі адамның өз ойы, айтары бар. Біздің мақсат соны көрерменге жеткізу. Қазақстанда қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін ток-шоулар аз. Сондықтан біздің бағдарлама өз уақытында, қажет арнадан шығып отыр, дейді бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы. Ләйләның айтуынша, бағдарламаның жаңа форматын директорлар кеңесі қабылдапты. Естеріңізге сала кетейік, Ләйлә Сұлтанқызы Жетінші арнаның тікелей эфирінде жаңа бағдарламаны Алмас Алтаймен бірлесіп жүргізеді. Өз ойым деп аталатын ток-шоу қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселелер мен адамдардың өмірінен сыр шертеді. Эфир бүгін, 5 сәуірде Жетінші арнада сағат 15.00-де көрсетіледі.