Қазақстан армиясындағы басым бағыттар айқындалды

Қарағандыда Қорғаныс министрлігінің көшпелі алқа отырысы өтті. Отырыс барысында 2024–2025 жылғы қысқы оқу кезеңінің қорытындылары шығарылып, жазғы оқу кезеңіне арналған басым бағыттар айқындалды,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің хабарлауынша, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов геосаяси жағдайдағы өзгерістерге назар аударып, "заманауи әскери іс-қимылдар жүргізу бойынша шетелдік тәжірибені ескере отырып", Қазақстан армиясын даярлау бойынша басым бағыттарды белгіледі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, "әскердің даярлық деңгейін, кадрлық әлеуетін, тылдық және техникалық қамтамасыз ету мәселелерін арттыру" мәселелері талқыланды. Қорытындылай келе, қорғаныс министрі қолбасшылық құрамға бірқатар басым міндеттерді жүктеді.

"Олардың қатарында – тактикалық барлау жүргізу міндеттерін пысықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА) операторларын даярлау, жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша практикалық сабақтар өткізу, инженерлік-саперлік бөлімшелерді дайындау, қауіпсіздік шараларын күшейту, қарумен жұмыс істеу талаптарын сақтау және басқа да міндеттер бар", – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскери-көлік авиациясын азаматтық және коммерциялық мақсаттарда пайдалануды ұсынған болатын. Мұндай тәжірибе қазіргі таңда Ұлыбритания, Германия, Түркия, Египет, Ресей, Беларусь және Оңтүстік Корея сияқты елдерде қолданылып келеді. Бұл Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарына сәйкес келеді.

Сонымен қатар, шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, маусым айының соңында Қытай 7000 шақырым ұшу қашықтығы бар және 100 шағын дронды тастай алатын Jiu Tian ұшқышсыз аппаратын сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз