Қазақстан арқылы Нидерландыға есірткі алып өтпек болғандар ұсталды

Қазақстан арқылы Нидерландыға есірткі алып өтпек болғандар ұсталды

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен бірлесіп  заңсыз есірткі өндірісімен айналысатын халықаралық есірткі синдикатының жолын кесу бойынша арнайы операцияны жүзеге асырды, - деп хабарлайды Мassaget.kz ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бұл қылмыстық топ құрамында Таяу Шығыс пен Азия азаматтары болған.

"Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, баратын жері Нидерланд болған. Осы топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.

Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті", - делінген хабарламада.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі арнасына қатысы барлар анықталған.

"Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 келі героин тәркіленді. Бұдан әрі Амстердам құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады", - делінген ҰҚК мәліметінде.

Сарапшылар дерегі бойынша, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны 2 миллион АҚШ доллары болады. Дерекке қатысты Нидерланд құқық қорғау органдары соталды тергеу жүргізіп жатыр.

Г. Досымшалова