Қазақстан әлемде астық экспорттаудан көш басында тұр

Қазақстан әлемде астық экспорттаудан көш басында тұр
Фото: foss.su

ҚР АШМ-де ауыл шаруашылығы саласының Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен АӨК дамытудың алдағы жоспарлары туралы айтылды, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.

Бірінші он жылдықтың нәтижесі жекеменшіктің мемлекеттіктен жеке қолға өтуі және нарықтық экономиканың құқықтық негіздерінің қалыптасуынан көрінді. Ауылдарда нақты меншік иесі пайда болып, менталитет өзгеріп, нарықтық ұстанымдарға негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынас орнады.

Екінші онжылдық бәсекеге қабілетті өндіріс саласының экономикалық дамуымен сипатталады.

«Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 2001 жылмен салыстырғанда 6 есеге артып, 2015 жылы 3,3 трлн теңгені құрады (2016 жылдың 9 айында – 2,5 трлн теңге). Әлемнің 70-тен аса еліне жыл сайын 5-8 млн тонна астықты нарыққа шығарып, Қазақстан астық өндіру бойынша ірі мемлекетке айналды. Жыл сайын 2,5 млн тоннаға дейін ұнды экспортқа шығарып, соңғы жылдары әлем бойынша көшбасшы орындардың бірін иемдендік», – деді ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроқұзырет орталығының директоры Т. Рахымбеков.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының ерекшеліктерін ескере отырып және халықаралық тәжірибені үйрену арқылы бұған дейінгі салалық бағдарламалардың заңды жалғасы болып табылатын агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде.

Оның айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету болмақ.

Әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері: мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға, ал өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру; тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту; АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету; мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін алға жылжыту; 600 мың га астам суармалы жерді айналымға тарту; АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру.

«Бағдарламаны мемлекеттік форматқа қайта бекіту шеңберінде субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланған, бұл қазіргіден де жоғары деңгейде мемлекеттік қолдау алушыларды кеңінен қамтуға, осылайша, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Т. Рахымбеков.

Жалпы, өсімдік шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Айталық, бидай алқаптарының бір бөлігі аса сұранысқа ие дақылдармен (майлы дақылдар, арпа, жемдік жүгері, қант қызылшасы, азықтық дақылдар) алмастырылады. Ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Мал шаруашылығы саласында аграрлық қызметкерлерді мал азығымен қамтамасыз ету керек. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады; құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ, жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату шаралары  қабылданады.

Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және суармалы жерлердің алаңдарын 600 мың га-ға ұлғайту бойынша шаралардан басқа, қосымша электрондық форматта жер ресурстарының жай-күйі туралы мәліметтер қалыптастырылады.

Бұдан басқа, АӨК-ні инфрақұрымдылық қамтамасыз ету үшін өнімді өткізу бойынша ауылдық кооперативтер құруды ынталандыру, ауыл тұрғындарына несие беру және оларға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ, қаржылық құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылады.

Сонымен қатар, АӨК субъектілерінің техникалық жарақтандырылуын арттыру үшін алыс шетелден қымбат техника мен жабдықтарды сатып алу үлесін төмендету шаралары қабылданады. Сондай-ақ, АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру шеңберінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.

Айта кету керек, биылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы Үкіметке жылдың соңына дейін Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасымен біріктіру арқылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда бағдарлама тұжырымдамасы халық талқылауына жіберіліп, қоғамнан ұсыныстар мен ескертпелер жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 
T. Кіршібаев