Қазақстан Африка елдеріне бала асырап алуға рұқсат бергені рас па?

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің шетелдіктер асырап алған қазақ балаларымен байланыс үзілді деген мәлімдемесін жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін сенатор Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика және Мальтаға кеткен 120 қазақ баласымен байланыс үзілгенін айтқан еді. Балаларды шетелдіктер асырап алған.

Ресми өкіл олар 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан азаматы болып саналатынын атап өтті.

"Қазақстанның шетелдегі консулдары арнайы бағдарлама бойынша оларды бақылап көмектеседі. Алайда 18 жасқа толғаннан кейін бала қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. Ол 18 жасқа толғанға дейін сол елдің азаматтығын алса, біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Бірақ (қазақ балалары) 18 жасқа толғанға дейін оларды асырап алған (шетелдік) ата-аналар консулға есепке тұруы керек", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол депутаттың "Шетелдіктер асырап алған балалар туралы ақпарат жоқ" деген сөзі шындыққа жанаспайды деген пікірде.

"Себебі, біз (шетелдіктер асырап алған) барлық бала бойынша мәліметті жинаймыз. Мысалы, кейбір кезде олар бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшуі мүмкін. Мұндай жағдайда ақпарат болмай қалуы ықтимал.

Сонымен қатар "Қазақ балаларын экзотикалық елдерге алып кетті" деген ақпаратты оқыдым. Бұл да шындыққа жанаспайды. Өйткені, елімізде 1990 жылдары балаларды тек Батыс елдерінің өкілдеріне (асырап алуға) беретін талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Олар (қазақ балаларын) асырап алған. Ондай елдерге (Африка елдеріне – автор) біз балаларды бермейміз. Қазіргі таңда 18 жасқа толмаған 1993 бала консулдық есепте тұр", - деді ресми өкіл.

БАҚ өкілі "Депутат Дархан Қыдырәлі Африка және тағы басқа елдердің азаматтары асырап алған 100-ден аса баладан хабар жоқ деп айтты. Бұл ақпарат ақпарат өтірік пе?" деп сұрақ қойды.

"Ол ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, біз Африка елдеріне балаларды (асырауға) берген жоқпыз. Ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді Айбек Смадияров.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз