Қазақстан Global Innovation Index-2024 рейтингінде Орталық және Оңтүстік Азия елдері көшбасшыларының үштігіне енді. 2024 жылғы 26 қыркүйек күні Женевада беделді халықаралық рейтингтің нәтижелерін жариялады. Жыл сайын өтетін бұл іс-шара биыл 17-ші рет ұйымдастырылып отыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2007 жылдан бастап Global Innovation Index (WIPO) 133 елдің көрсеткіштерін 80 бағыт бойынша бағалап келеді. Бұл жерде экономика мен өндірістің өсуіне инновациялардың ықпалын қарастырады. Рейтинг осы саладағы жаңа стратегияларды әзірлеу үшін маңызды индикатор ретінде қызмет етеді. Рейтингте жоғары көрсеткішке ие болу іске асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың халықаралық деңгейде бағаланғанын көрсетеді. Сондай-ақ әлемдік аренадағы беделді жақсартуға және Қазақстанға тікелей инвестициялар тартуға ықпал етеді.
Салтанатты рәсімге Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) бас директоры Даррен Танг, Global Innovation Index бірлескен редакторы Сача Вунч Винсент, мемлекеттер және үкімет басшылары, соның ішінде Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайип Ердоған, Барбадос премьер-министрі Миа Амор Моттли, Вьетнам Социалистік Республикасының премьер-министрі Фам Мин Чин, әлеуметтік кәсіпкерлік және инновация саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.
Қазақстан сапалы өсім көрсетіп, жаһандық рейтингте 81-орыннан 78-орынға көтеріліп, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшылар үштігіне енді. "Мемлекеттік басқарудың тиімділігі", "Заңның үстемдігі", "Оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша PISA шкаласы", "Нарықтың дамуы", "Бизнесті жүргізу", "Тікелей инвестициялардың таза ағыны, ІЖӨ" көрсеткіштері бойынша ілгерілеу байқалады.
Рейтингтегі ең үлкен өсім "Креативті тауарлар мен қызметтер" көрсеткіштерінде болды. Бұл жерде 93-орыннан 65-орынға, "Ұлттық көркем фильмдер/млн адам" 61-орыннан 31-орынға және "Жоғарғы деңгейдегі домендер (TLD)/мың адам" 115-тен 80-ге дейінгі сатылардан көрінді.
Рейтинг редакторлары Қазақстанның мына индикаторлармен әлемнің үздік 30 еліне кіргенін ерекше атап өтті: "Онлайн үкімет" – 8-орын, "Шығу тегі бойынша пайдалы модельдер/млрд. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ІЖӨ" – 10-орын, "Электрондық қатысу" – 15-орын, "Оқушылар мен мұғалімдердің арақатынасы, орта білім" – 16-орын, "Еңбек өнімділігінің өсуі" – 30-орын.
Global Innovation Index-те Қазақстанның рейтингін арттыруға Қазақстан Республикасы президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі К.Д. Закарияның басшылығымен мүдделі мемлекеттік органдар санынан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы жобалау офисінің жұмысы ықпал етті.
2024 жылғы 4 қазан күні Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) қолдауымен Қазақстан Республикасында алғаш рет Азия елдері үшін Global Innovation Index 2024 есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтеді.
Іс-шараға Азия елдерінің инновация министрлері мен патенттік ведомстволарының басшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың және мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (UN WIPO) – Біріккен Ұлттар Ұйымының 15 мамандандырылған мекемесінің бірі, оның қызметі шығармашылық қызметті ынталандыруға және зияткерлік меншікті (IP) халықаралық қорғауға ықпал етуге бағытталған. WIPO тауар белгілері мен патенттерді халықаралық тіркеуді жеңілдетеді.
Жаһандық инновациялық индекс – инновациялардың елдердің дамуына әсерін анықтау бойынша әлем елдерінің ауқымды экономикалық зерттеуі. Халықаралық рейтинг 2007 жылдан бері 80 түрлі көрсеткіш бойынша әлемнің 133 елін бағалайды. Бұл индекстің өсуінің маңыздылығы оны Қытай, Сингапур, БАӘ, Түркия және т.б. елдердің үкіметтік стратегияларына енгізу арқылы анықталады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!