Сенат пленарлық отырыста Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы 46 миллиард теңге мөлшеріндегі қарыз туралы келісімді ратификациялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл қаржы қайда жұмсалмақ?
"Қазақстанның инклюзив экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру" жобасы туралы сөз болып отыр. Оның мақсаты - тұрақты цифрлық инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындарын жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету.
Негізгі міндеттер қатарына:
- қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту үшін ауылдарды интернетке қосу;
- өңірлердегі шағын және орта бизнесті, қашықтан қызмет көрсетуді және инвестицияларды қолдау;
- мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі арқылы телеком-инфрақұрылымды дамыту жатады.
Жоба республикалық бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейтіні және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайтыны айтылды.
Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) - дүниежүзілік банктің негізгі кредиттік мекемесі, БҰҰ мамандандырылған мекемесі, 1944 жылы Халықаралық валюта қорымен бір мезгілде құрылған мемлекетаралық инвестициялық институт.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова