Қазақстан 2031 жылға дейін 50 ұшақ сатып алмақ

Қазақстан 2031 жылға дейін 50 ұшақ сатып алмақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Парижде Қазақстан–Франция іскерлік кеңесінің отырысы және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 16-шы Үкіметаралық комиссияның мәжілісі өтті. Іс-шараларға Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев қатысты.

Онда Airbus A320neo әуе кемелерін жеткізу жөніндегі Меморандум құжат алмасу рәсімі өтті. Құжатта "алғашқы 25 ұшақты жеткізу және кейіннен қосымша санын 25 ұшаққа дейін арттыру мүмкіндігі" қарастырылған.

Кездесу барысында Талғат Ластаев пен Airbus компаниясының вице-президенті Шарбель Юзкатли 2031 жылға жоспарланған әуе кемелерін жеткізу мерзімдері және оны жеделдету мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, вице-министр Airbus-пен бірлесіп авиациялық оқу орталығын құру және әуе кемелерін лизингке беру мәселелерін көтерді.

Екі ел арасындағы көлік байланысын жақсарту үшін Париж–Астана рейсін қайта ашу және Шымкент–Ницца бағыты бойынша әуе қатынасын іске қосу мәселелері қарастырылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!