Бүгін Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын талқылауға кірісті.
Айта кетейік, Париж келісімі 2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 21-ші конференциясында Францияда қабылданды.
«Қазіргі таңда бірқатар елдер осы келісімді бекітті. Бүгінде 62 мемлекет ратификация жасады. Қазақстан Республикасы келісімге 2016 жылы 2 тамызда қол қойып, оны қолдадық. Егер де біз уақытылы ратификация жасасақ, онда қараша айында өтетін ұйымның келесі отырысында Қазақстан өзінің дәрежесін көрсете алады»,-деді ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков.
Бұл келісім жаһандық орташа температураның жоғарылауына жол бермеу бағытында жұмыс істеу, яғни, температараның орташа өсімін 2 градустан асырмауды, жасыл экономикаға қаржы көздерін көптеп тарту секілді негізгі мәселелерді қамтып отыр.
Келісім аясында әрбір тарап ұлттық деңгейде айқындалған жоспарлы жүйелі үлесі туралы хабарлап, оны орындайды.
«Бес жылда бір рет іске асырған үлесі жайында әрбір тарап хабарлап отырады. Өзінің үлесін іске асыру үшін тараптарға қаржылық ресурстар күйінде, әлеуетті күшейту тұрғысында технологияларды әзірлеу бағытында қолдау жасалады»,-деді вице-министр.
Белгілі болғандай, Қазақстан Республикасы өзінің болжаулы үлесін жариялады. Осы ретте 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын шектеу мен қысқарту бойынша шүбәсіз мақсат түрінде 15 пайыз деңгейінде, ал шартты мақсатта 25 пайыз көлеміндегі көрсеткіш ескерілген.
Сонымен қатар ол Париж келісіміне сәйкес, аталған үлестерге қол жеткізу заңдылық міндетті мәнге ие емес, бұл мақсаттар ерікті негізде орындалатынын жеткізді.
Руслан Ғаббасов
Дереккөз: inform.kz