Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді байланыс желісін пайдалану толық тоқтатылмақ. Оның орнына 4G және 5G желілерінің қамту аумағы кеңейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Министрдің айтуынша, алдағы үш жыл ішінде телекоммуникация саласына 1,3 триллион теңгеден астам инвестиция салу жоспарланған. Биылғы инвестиция көлемі кемінде 500 миллиард теңге болуға тиіс.
Интернет жылдамдығы артқан
Кейінгі екі жылда Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін өскен.
Ведомство болжамына сәйкес, биыл интернет-трафик көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есе артуы мүмкін.
Ауылдардың 92 пайызы интернетпен қамтылады
"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында биылғы жылдың соңына дейін 3 704 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу көзделген. Бұл елдегі ауылдардың 61 пайызына тең.
Келесі жылы тағы 1 863 елді мекен талшықты-оптикалық интернетке қосылады. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 92 пайызға жетпек. Қалған 8 пайыз ауыл спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі кезде ауылдарды мобильді интернетпен қамту деңгейі 84 пайызды құрайды. 3G базалық стансалары біртіндеп 4G желісіне жаңғыртылып, қалалар мен ауылдарда 5G байланысы кеңейтіліп жатыр.
5G желісі 70 қала мен 300 ауылға жетеді
Жоспар бойынша, 2027 жылдың соңына қарай:
- 3G желісін пайдалану толық тоқтатылады;
- 4G байланысы 5 291 ауылды қамтиды;
- 5G желісі 70 қала мен 300 ауылға таралады;
- ауылдардың 92 пайызы мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды мобильді байланыспен қамту жоспарланған. Ол үшін 500-ден астам антенна-діңгек салынады.
«2027 жылдың соңына қарай 3G желісінен толық бас тарту жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы керек», – деді Жаслан Мәдиев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
О. Сансызбай