- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан 2022 жылға...
Қазақстан 2022 жылға қарай 120 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр
Астанада "Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас" атты экономикалық форум басталды. Оған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) бас директоры Роберту Азеведу, ДСҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің министрлері, түрлі делегация өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Форум барысында ДСҰ мүшелері Қазақстанның инвестициялар тарту тәжірибесімен және экономикалық реформаларымен, еліміздің инвестициялық перспективаларымен таныс болды. Форумның ашылу рәсімінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ел экономикасы мен инвестиция ағынына қатысты мәлімдеме жасады.
Үкімет басшысының ресми деректеріндегі Қазақстан экономикасы мен инвестиция тарту бойынша әлеуеті мынадай:
– Тек соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан экономикасының түрлі секторына 250 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды (мұнша инвестиция көлемі 2017 жылы 21 млрд долларға жуық болған және оның төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған);
– Шикізаттық емес секторға барлық шетелдік инвестицияның 51% арналған;
– 2018 жылдың 9 айына ірі инвесторлармен 69 жаңа жобаны іске асыру бойынша келісім жасалды (оның ішінде Қытай, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания және Еуразиялық Одақ елдерінен он трансұлттық компания бар);
– Соңғы төрт жыл ішінде салық және кеден саласы, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және басқа бағыттарда барлығы 52 реформа жүргізілген;
– 2018 жылдың мамыр айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бизнес климатты жақсарту бойынша мыңнан астам түзетулер енгізілген 14 кодекс және 109 заңды қамтитын заңнамалық пакетке қол қойды;
– Қазақстан Орта Азияда инвестиция саласы бойынша бірінші орынға ие (мысалы еліміз Орта Азия елдеріне келген барлық инвестицияның 70 пайыздан астам бөлігін өзі еншіледі);
– Қазақстан 2022 жылға қарай 120 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр;
– Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін мемлекет жүйелі реформалар жүргізіп, инвесторлармен ашық диалог және өзара сәтті келісімдер орнатты. Сонымен қатар инвестициялар тарту үшін инфрақұрылым жетілдірілуде;
– Орта есеппен жылына – 13, айына 1-ден көп реформа жүзеге асырылған;
– Бақылау-қадағалау функциялары 30%-ға, рұқсат беру талаптарының саны 56%-ға азайды;
– Тексеруші органдар 1000 штат бірлікке қысқартылды;
– Көші-қон, еңбек заңнамасы жетілдіріліп, шетелдік жұмыс күшін тарту процедурасы жеңілдетілді;
– 2016 жылдан бастап инвесторларға арналған бір терезе принципі жұмыс істейді және еліміздің барлық облысында инвесторларға өңірлік қызмет көрсету кеңселері ашылды;
– 2015 жылы Қазақстан мен Еуропа Одағы экономиканың өндірістік секторындағы инвестиция үшін қолайлы жағдай құруға негіз болатын кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойды;
– Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу арқылы 180 млн адам мен 4 трлн АҚШ доллары көлеміндегі кедендік шекарасыз бірыңғай нарыққа шығу артықшылығына ие болды.
– Қазақстан Үкіметі ДСҰ алаңында инвестицияларды қолдау бойынша пікірталастарды маңызды санайды, ДСҰ-ға мүше елдерді ДСҰ-ның «Бейресми диалогына» қосылуға шақырады. Бұл бастама – ДСҰ-ның қазіргі әлем үшін өзектілігін нықтап, халықаралық сауда-саттықтың артуына және жаһандық экономиканың өсуіне ықпалын тигізеді деп үміттенеміз, – деп мәлімдеді Бақытжан Сағынтаев.
Форум төрт тақырыптық сессия негізінде жалғасты. Олардың қорытындысы бойынша «Астана мәлімдемесі» қабылданбақ. Еске сала кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 2015 жылы мүше болды.
Massaget.kz