Қазақстан 12 жылдан кейін дзюдодан әлем чемпионатын қайта қабылдайды

Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Дзюдо федерациясына сілтеме жасап. 

Салтанатты рәсім барысында Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли әлем чемпионатының туын Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) қайтарды. Өз кезегінде, IJF Бас хатшысы Лиза Аллан Туды Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке салтанатпен табыстады.

Дзюдодан келесі әлем чемпионаты 2027 жылдың 7–14 маусым аралығында Астана қаласында өтеді. Бұл дода -  2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі маңызды жарыс. Әлемнің үздік дзюдошылары Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін қажетті рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.

Осылайша, 2027 жылы дзюдодан әлем біріншілігі араға 12 жыл салып қайтадан Қазақстанда өтеді. Осыған дейін 2015 жылы Астана қаласында әлем біріншілігі ұйымдастырылған болатын. Сонымен қатар, 2023–2026 жылдар аралығында Қазақстан төрт жыл қатарынан Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген, Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесінде маңызды рөл атқаратын беделді Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирін өткізді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!