Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетіндегілер мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін міндеттейтін заң қабылдауы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілерден бөлек, депутаттардың қазақ тілін білуі талап етілу керек пе? Жалпы жоғары заң шығарушы орган өкілдері мемлекеттік тілді қаншалық меңгерген? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
"Менің қазақшам нашар" - Павел Казанцев
Мәжілістегі депутаттарға "Қазақ тілін білесіз бе немесе қаншалықты деңгейде түсінесіз?" деген сұрақ өте жайсыз болды. Мәжілісмендер бұл сұраққа шала жауап беріп, тез бұрылып кетуге тырысады. Солардың бірі - Павел Казанцев. Ол "Қазақ тілін үйреніп жатырмын" дей келе, таза қазақ тілінде "менің қазақшам нашар" деп қысқа қайырды.
Ресейдің Томск қаласында 1960 жылы туған депутат 1991 жылы 31 жаста болған. Осыны ескеріп, "Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асты. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді үйренуге неге тырыспадыңыз?" деп сұрақ қойылды. Павел Олегұлы "Бұл сұраққа жауап беру қиын" деп бұрылып кетті.
"Қазақ тілін аудармасыз түсінемін" - Екатерина Смышляева
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Қазақстан тәуелсіздік алған кезде 9 жаста болған. Бірақ ол соған қарамастан мемлекеттік тілді білмейтінін айтты.
"Кейбір депутаттар қазақ тілін жақсы білмейді. Бірақ қазір бәрі үйреніп жатыр. Мысалы өз басым солтүстіктен боламын және екі жылдан бері Парламентте жұмыс істеп жатырмын. Осы екі жылда қазақ тілін білу деңгейім аздап өсті. Нақтырақ айтсам, қазақ тіліндегі сөзді аудармасыз түсінемін. Бірақ маған сізге қазақ тілінде сұхбат беру қиын. Әйтсе де мен жақын арада қазақ тілінде пікір білдіремін деп ойлаймын", - деді ол.
Журналистің "Қазақ тілін үйрену қиын ба?" деген сұрағына депутат жауап бермей, бұрылып кетті.
Серік Құдайбергенұлы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!