Соңғы кездері елімізде ғаламтор алаяқтары көбейіп кетті. Осы орайда ғаламтор алаяғының арбауынан аман қалған атыраулық кейіпкер өз тәжірибесімен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олар біздің кейіпкерімізге оның атына несие рәсімделіп жатқандықтан «сақтандырмақ болып» хабарласқан.
"Жұмыста отыр едім. Белгісіз номер қоңырау шалды. Тұтқаны дереу көтердім. "Айнұр Али, бұл сіз бе?" деді телефонның ар жағындағы дауыс. "Али" дегеннен ақ, алаяқтар екенін түсіне қойдым да, әңгімемді жалғастыра бердім. Себебі, Али әлеуметтік желіде тіркелген парақшамда ғана көрінетін лақап атым еді. Орыс тілінде сайрап тұрған жігіттің дауысы керемет қойылған, әп дегеннен адам оған сеніп қалуы әбден мүмкін", - дейді атыраулық Айнұр Тахауова.
Өзін белгілі бір банктің менеджерімін деп таныстырған жігіт Таразда таныстарының бар-жоғын сұрапты. Әрине, Айнұр Таразда туысының да, танысының да жоқ екенін айтқан.
"Жебеушім" Тараз қаласынан менің атыма 100 мың теңге несие рәсімдеуге өтінім түскенін айтты. Бұл жағдай бізге күдікті болып көрінгендіктен де, сізге хабарласып отырмыз. Сәлден соң оператор хабарласады. Ол шотыңызды алаяқтардан қорғау операциясын түсіндіреді. Шұғыл түрде есеп-шотыңызды сақтандыру керек" дегенді де қосып қойды", - дейді ол.
Арада жарты минут өтер-өтпестен әлгі белгісіз номерден "менеджері" хабарласты" дейді Айнұр. "Менеджер" Айнұрға жаңадан "қауіпсіз" шот ашуды ұсыныпты. Операциялардың барлығы онлайн форматта жасалатынына ант-су ішкен менеджер, картасындағы қаражатты жаңадан ашылатын шотқа аударуды талап еткен. Осы жерде қулыққа басқан Айнұр "менеджерден" ақпаратты толықтай қазақ тілінде айтып беруін сұраған. Айнұрдың талабын ұнатпаған менеджер "бұған дейін орысша тәп-тәуір сөйледіңіз ғой" деп ренжіп, тұтқаны лақтыра салыпты.
"Осы жағдайдан кейін әрине, мен банкке хабарластым. Ондағылар банк, компаниялардың атын жамылып, құйтұртқы операциялар жасап жатқан алаяқтар әрекетінің көбейгенін растады" деді Айнұр.
Қайта Айнұрдың жолы болған. Айнұр интернет арқылы жасалатын алаяқтықтар туралы көбірек ақпарат оқығаны, өзін қорғауға себеп болғанын айтады.
Ал, екінші кейіпкеріміздің Айнұр сияқты жолы болмады. Роза Әлдешова сән индустриясында жүрген атыраулық кәсіпкер, блогер. Ол осыдан біраз уақыт бұрын интернет алаяқтарға 900 мың теңгесін аударып, жер сипап қалған.
"Олар сондай мәдениетті сөйлеседі. Таң аласымен телефон соғып, әлдебіреулер картамнан ақша аударып алып жатыр" дегенді естігенде, ұйқылы-ояу тұрған мен сасқалақтап, әлгілер аштық деген "жаңа шотыма" ақшаны өз қолыммен аударып жіберген едім. Таңнан кешке дейін аяғымнан тік тұрып жұмыс істеп, жинап жүрген ақшамнан бір сәтте айрылып қалу маған ауыр тиді" деген еді сән саласында қызмет етіп жүрген кәсіпкер.
Кейінірек білгеніміздей, істі полиция жауып тастаған. Себебі, қылмыскерлерді анықтау мүмкін болмаған.
Еске сала кетсек, тек өткен жылдың өзінде Қазақстанда интернет алаяқтыққа қатысты 20 500-ден астам қылмыстық іс тіркелген.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!