ВИА "Дос-Мұқасан" тобына биыл 55 жыл. Жуырда топқа арналған фильм де шығайын деп жатыр. Massaget.kz тілшісі өткен ғасырда қазақтың BEATLЕS-ына айналған қазақ брэндінің сіз білмеген қызық деректерін жинады.
Бәрі Баянауылдан басталды
"Дос-Мұқасан" тобы 1967 жылы 1 тамызда алғаш рет Павлодар облысындағы Баянауыл сахнасында өнер көрсетті. Ал биыл топтың құрылғанына 55 жыл толып отыр.
Дос - Мұ - Қа - Сан
Топ атауын жігіттер өздері қоймаған, олар Павлодарда халықаралық құрылыс отрядында жұмыс істеп жүргенде жергілікті тұрғындар мен отряд жұмыскерлеріне концерт берген. Концерттен кейін Венгр студенттері жігіттердің өнеріне таңданған, тіпті Венгр отряд басшысы Янош Карпати "Топтың атын ойластырып қойдық, Дос-Мұқасан", - деген. Дос Мұқасаның қандай мағына береді деген жігіттердің сұрағына Янош есімдердің алғашқы буындарын қостық, деп жауап береді. Дос - Досым, Мұ - Мұрат, Қа - Қамит, Сан - Саня (Александр). Сол заманда танымал болған "Лос-Парагвай" және "Лос-Анджелес" ансамбльдерінің үлгісіне сүйене отырып берген. Тіпті Янош топ атын сызықша арқылы жазуға кеңес берген.
№1 жатақхана
Топтың алғашқы мүшелерінің бірі Мейірбек Молдабеков жігіттермен қалай танысқанын еске алады.
"1965 жылғы тамыздың аяғында таныстық. Политехке түскен кезіміз. Басқа қалалардан келген студенттер едік, бізді Сәтбаев көшесіндегі №1 жатақханаға орналастырды. Болашақ курстастарыммен танысып, кіммен бірге тұратынымды таңдай бастадым. Бір-бірін бұрыннан жақсы танитындай көрінген Дос пен Мұраттың қасына жақындадым. Екеуі бірге тұрайық деді, мен қабыл алдым. Солай бізді Құдайдың өзі қосты", - деді ол естеліктерінің бірінде.
"Дос-Мұқасан" тобының бір ерекшелігі - қазақтың халық әндері мен күйлерін өңдеуі. Олар бірте-бірте өздеріне тән орындау мәнерін қалыптастырды. Олар алғаш рет "рок" стилін дәстүрлі әнмен ұштастырды. Бұл олардың "ерекшелігі" болды.
Алғашқы құрам
Алғашқыда бір бөлмеде тұрған Досым, Мұрат, Қамит, Мейірбек пен Александр түрлі кештерде өнер көрсете бастаған. Кейін олар "Арай", "Гүлдер" ансамбльдерімен бір сахнада өнер көрсетеді. Тіпті бірге шетелге гастрольге баратын.
Қазір топ мүшелерінің көбі академик, Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері. Досым Сүлеев Кембриджде "Әлем педагогы" марапатына ие болды. 2001 жылы өзінің альма-матері ҚазҰТУ ректоры болып тағайындалды. 2004 жылы Шәріп Омаров Қазақстанның Чехиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалып, Чехия тарихындағы тұңғыш қазақстандық елші болды. Бұған дейін ол Заманбек Нұрқаділовтің бірінші орынбасары болған еді.
"Той жыры"
О бастан "Той жыры" әні Мұрат пен Сәбираның тойына сыйлық ретінде тарту болған, ал кейінгі шыққан клипке Шәріп пен Құрманайдың тойындағы видеоларды қосқан. Кейін халық ән Шәріп пен Құрманай арасындағы махаббаттан туындаған деп ойлаған.
"Сағындым сені..."
Топ солисі Құрманай Омарова бас-гитарист Шәріп Омаровпен отау құрады. Құраманайдың мүлде музыкалық білімі болмаған, ол тіпті нота танымаған. Алғашында Қыздар институтының "Айгүл" ансамбліне қабылданған, кейін жігіттер Құрманайды арнайы іздеп жатақханаға келген. Құрманай Омарова "Дос-Мұқасан" құрамына кіргеннен кейін Дин Ридпен ән салып, Германия, Францияда өнер көрсеткен.
Деректі фильм
1971 жылы жазда танымал ресейлік сценарист және кинорежиссер Вилен Визильтер "Дос-Мұқасан" туралы деректі фильм түсірді.
Топ мерейтойы
Топтың 10 жылдығы 1977 жылы 29 және 30 желтоқсанда Ленин атындағы сарай сахнасында өтті. Бірінші және екінші құрамның 18 қатысушысы аспаптар мен микрофондарда бір-бірін алмастырды.
Топтың 20 жылдық басқосуында бірінші құрамы өнер көрсетсе, 1997 жылы 30 жылдығына арналған концерт болған жоқ.
Ансамбльдің мерейтойына шақыру билетті
Фин журналының мұқабасындағы сурет
"Дос-Мұқасан" тобының репертуарында 36 ән бар. Оның ішінде, "Той жыры", "Құдаша", "Сұлу қыз", "Ғашықпын", "Дудар-ай", "16 қыз", "Институтпен қоштасу". Топ құрамында барлығы 19 адам болған.
Топқа арналған ескерткіштер 2008 жылы Павлодарда, 2017 жылы Атырауда орнатылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!