Ұлытау облысында былтырдан бері полиция "Қазақмыс корпорациясы" аумағынан ұрлық жасаған бірнеше қылмыстық топты анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биылдың өзінде полицейлер төрт ұрлықты ашқан. 7 мамырда Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, компания аумағынан жанармай ұрлау әрекетінің жолы кесілген.
Жедел іс-шаралар барысында ұрлықты ұйымдастырды және жанар-жағармай материалдарын сатумен айналысты деген күдікке ілінгендер ұсталған.
"Бір тоннадан аса жанармай, ірі көлемдегі қаражат, көлік, оқ-дәрілері бар қару және заңсыз схемада пайдаланылған өзге де заттай дәлелдер тәркіленді. Тергеу барысында ұрлық арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны анықталды. Сонымен қатар, күзет құрылымдарының кейбір қызметкерлері көмектескені әшкереленді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша шығын аса ірі көлемде болуы мүмкін", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!