"Қазақконцерттің" ұлттық өнерді дәріптейтін "Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан" концерті жалғасады

"Қазақконцерттің" ұлттық өнерді дәріптейтін "Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан" концерті жалғасады
Фото: ortcom.kz

"Қазақконцерт" ұжымы "Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан" концертін 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен өткізуді жоспарлап отыр. Мекеменің ірі жаңа жобалары, ауқымды және салтанатты концерттік шаралары туралы Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингі кезінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуметін тиімді пайдалануға аса мән беріледі деген болатын. Демек біз, өнер қайраткерлері ұлттық мәдениеттің қоғамдық өмірді ілгерілету жолында қуатты қозғалтқыш бола алатынымызға сенеміз. Мәдениет қоғам дамуының маңызды аспектісі екенін білесіздер. Мәдениет пен өнердің ұлттық саясаттың маңызды басымдықтарың бірі ретінде қарастыруды қажет деп санаймыз. Мемлекет басшысы еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмалары бойынша "Қазақконцерт" ұжымы ерекше қарқынмен гастрольдік сапарларымызды жоспарлап отырмыз", - деді Ақтоты Райымқұлова.

"Қазақконцерт" ұжымы 2022 жылғы тамыздан бастап "Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан" атты концертімен жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын, сонымен қатар Қызылорда, Жамбыл облыстарын, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Петропавл, Көкшетау қалаларын аралаған. 17 мың шақырым жол жүріп, 50 мыңға жуық көрермен жинаған. Енді "Қазақконцерт" ұжымы биыл да Қазақстанның батысындағы облыстарға гастрольдік сапармен бармақшы.

Атап айтқанда, "Қазақконцерт" ұжымының биылғы жоспарында Маңғыстау облысы бойынша Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Мұнайлы, Бейнеу аудандары, "Отпантау" тарихи-мәдени кешені, Шетпе ауылы және Қаражамбас, Қаламқас кенттері, Атырау облысы бойынша Атырау, Құлсары қалалары, Индербор, Мақат аудандары, Аққыстау, Миялы ауылдары, Доссор кенті, Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал, Ақсай қалалары, Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Қаратөбе аудандары және Чапаев, Жаңақала, Жалпақтал, Жымпиты ауылдары, Ақтөбе облысы бойынша Хромтау, Қобда қалалары, Қарғалы, Мәртек, Қандыағаш аудандары, Қостанай облысы бойынша Қостанай және Рудный қалалары мен бірқатар аудан мен елді мекендері бар. 

"Бұл жоба былтырғыдай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, облыстық әкімдіктер және жергілікті мәдениет басқармаларымен бірге өткізіледі. Жоспарға сай, "Қазақконцерттің" танымал және жас талантты әртістері, топтары, ансамбльдері осы сапарға дайындалып жатыр. Аталған жобаның негізгі мақсаты - өңір тұрғындары үшін мәдени құндылықтардың қолжетімділігін арттыру және ұлттық өнерді дәріптеу. Жалпы алғанда, "Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан" жобасы 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен өткізіледі. Оның аясында 20 облыс орталығына, 28 ауданға және 29 моноқалаға барамыз деп отырмыз. Жалпы биыл 3 республикалық жоба мен 5 бағыт бойынша гастрольдік сапарға дайындалып жатырмыз", - деді Ақтоты Райымқұлова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz