- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақконцерттің" ұлттық құндылық...
"Қазақконцерттің" ұлттық құндылық пен өнерді дамытуға арналған қандай жобалары бар?
Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова ұжымның ұлттық құндылық пен өнерді дамытуға бағытталған жобалары туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, "Қазақконцертте" "Халық қазынасы" атты ұлттық өнер орталығы құрылған.
"Оның құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Ерлан Рысқали, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Раушан Оразбаева, Құмарбек Қалқатай, Нұрболат Арзамасұлы, Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, Еділ Басығараев сияқты өнер майталмандарымен бірге Қазақстан Республикасының "Дарын" жастар сыйлығының лауреаттары Ардақ Елеусіз, Асқар Мұқият, Бауыржан Мұхамедбай, Дінисламбек Жайлаубай, Айзат Қарабек, Венера Табыс сияқты жастарымыз, сонымен қатар "Тұран" этно-фольклорлық ансамблі, Steppe sons атты алтернативті фольклорлық ансамблі өз өнерін "Қазақконцерт" шаңырағында ұштап жатыр. Сонымен бірге "Қазақконцертке" жаңадан келген жас талантты орындаушылардың қатарында халықаралық байқаулардың лауреты, пианист Әлім Бейсембаев, әншілер Әділхан Макин, Расул Жармағамбет, Мәди Сыздықов, домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернар Наурыз бар", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Ұжымның тағы бір қуанышты жаңалығы - еліміздің брендіне айналған, аты аңызға айналған "Гүлдер" ән-би ансамблінің жаңа құрамын дайындап жатыр.
"Өкінішке қарай, ондаған жыл бұрын өзінің жұмысын тоқтатқан еді. Бүгінгі таңда ансамбльдің мұрағатынан үздік деген нөмірлерді іріктеп алдық, сонымен қатар барлық жастағы көрермен үшін қызық, түрлі жанрдағы шығармалар мен жаңа музыкалық бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Айта кететін бір жайт, ансамльдің архивтерде, мұражайларда видеолары бар. Қазақ би өнерінде қолданылған қимыл-қозғалыстар мен би түріне қатысты құнды мәліметтер жоқтың қасы болды. Сондықтан ансамбльдің басы-қасында жүрген шығармашылық топ осы бағытта да көп еңбек етті. Әрине, ансамбльді жаңғырту жобасында жаңаша топты құру мақсатымен ұжымға шығармашылық оқу орындарының жас түлектерін тарттық. Сонымен бірге тәжірибелі тәлімгерлерді, ансамльдің бас хореографы, елге танымал Анвара Садықованы және жобаның көркемдік жетекшісі, дирежері Серік Дәулетовті шақырдық. "Гүлдер" ансамблі жаңа құрамының тұсаукесер концертіне қазақ эстрадасының жұлдызы, осы ұжымда өнер жолын бастаған Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Роза Рымбаева қатысады", - деді Ақтоты Райымқұлова.
"Гүлдер" ән-би ансамблі жаңа құрамының тұсаукесер концерті 2023 жылғы 1 наурызда Астанада өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz