"Қазақконцерт" Аспан асты елінде өнер көрсетті

"Қазақконцерт" Аспан асты елінде өнер көрсетті
Фото: Қазақконцерт

Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері аясында Бейжің қаласында өнер көрсетті. Мемлекеттік іс-шарада жергілікті көрерменге халықаралық ареналарда ұлттық өнеріміздің абыройын асқақтатып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Раушан Оразбаева, Әлішер Кәрімов сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Рухия Байдүкенова, Тимур Омаров және "Гүлдер", "Астана сазы" ансамбльдері ән мен күйден шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетсек, аталған іс-шара "Қазақконцерт" жұлдыздарының Аспан асты еліне соңғы жылдардағы ауқымды гастролі. Бір емес, бірнеше концерт жоспарланған сапар барысында өнер майталмандарымыз Қытай еліне Ұлы даланың дәстүрлі және заманауи ұлт мәдениеті мен руханиятын жақынырақ таныстыру мақсатында отандық композиторлар мен халық әндерін шырқап, қазақтың киелі қара домбырасы мен қылқобызы арқылы ұлттық өнерімізді ұлықтады. Гала-концерттің бағдарламасы шетелдік тыңдарманның талғамын ескере отырып, Абай, Жаяу Мұса, Евгений Брусиловский, Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев сынды ұлыларымыздың шығармашылығын қамтығанын айта кеткеніміз жөн.

Белгілі қазақстандық орындаушылардың қатысуымен өткен музыкалық кеш Қытайдың бас сахнасы - Бейжіңдегі Ұлттық орындаушылық өнер орталығында өтті. Қазақ елінің өнері мен мәдениетін дәріптеген салтанатты концерт бейбітшілік пен келісімді мақсат тұтқан көрші халықтардың екіжақты қатынасының дамуына серпін беріп, ұлттар достығы мен сыйластығының артуына қосқан үлесіміз іспеттес.

Елімізден аттанған әртістеріміздің өнерін талғампаз тыңдарман зор ықыласпен тамашалап, ізгі ілтипаттарын білдіріп жатты. Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидің қытайлық өнерпазбен бірігіп орындаған "Дударай" әні де жиналған жұртшылықтың көңілінен шығып, оң бағасын алды.

Қазақстандық әртістер іс-шара жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, қытайлық көрермендермен және осы елдегі бауырларымызбен жүздесіп, қазақ өнерін паш етіп, абыройын асқақтату – үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Еске салайық, Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының Қытай Халық Республикасына сапары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.

Р.Бағланова атындағы
"Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының
баспасөз қызметі ұсынған материал

Massaget.kz