- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мұнай туралы
“Қазаққа да бірдеңе қалдыру керек қой“. Депутат мұнайдан байып отырған олигархтар туралы
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ермұрат Бапи қазақ мұнайын сатудан әлдекімдер пайда көріп отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бұрынғы билік тұсында жердің үсті сатылып біткен. Алайда Жаңа Қазақстанда олигархтар әлі де жер астындағы байлықтан дәмелі.
"Елдің иесі - билік, жердің иесі - қазақ" деген тәмсіл бар. Билік бүгін келеді, классикалық вариант бойынша ертең кетуі керек. Ал қазақ пен оның жері мәңгілік қалады. Бұрынғы билік жердің үстін сатып бітірді. Жер үстіндегі басқа байлықты айтпағанда ауылдағы қазақтың азын-аулақ малын бағатын жер қалмады. Енді міне жаңа биліктің заманында жекелеген ескі олигархтар жердің астын, қазба байлықты сатуды әлі де жалғастырып жатыр деген деректер бар", - деді ол.
Ермұрат Бапи IСIJ журналистердің халықаралық тексеру консорциумының зерттеуін келтірді. Дерекке сүйенсек, Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін шетелдерде тіркелген әртүрлі компаниялар сыртқы нарықта сатады.
"Халықтық меншік саналатын пайдалы қазба өнімдерінің экспортына неге әлдебір, түсініксіз субъектілер ие болуы керек? Мәселен, қазақ мұнайын әлемдік нарықта саудалайтын ең ірі Vitol компаниясы Швейцарияда тіркелген. ҚазМұнайГаз Трейдинг компаниясы да Швейцарияның резиденті. Теңізшевройл өндіретін Теңіздің мұнайын Нидерланд елінде тіркелген ҚазМұнайГаз финанс трейдері саудаға шығарады. Қашағанның мұнайын бірнеше шетелдік трейдинг саудалайды", - деді ол.
Мәжіліс депутаты шетелдерде тіркелген, ішкі нарық пен әлемдік баға арасындағы мұнайдың маржасынан түскен пайданың қызығын көріп отырған ондаған шетелдік компания барын жеткізді. Ол бұл мәселеге Тимур Құлыбаевтың қандай қатысы барын да айтты.
"IСIJ консорциумының зерттеуіне қарағанда Vitol сауда трейдерлік компаниясының иесі - аты-жөні әйгілі олигарх Тимур Құлыбаев. Оның 22 шет мемлекетте 200-ден аса компаниясы және Тимур мен оның командасына тиесілі компаниялары бар. Тойым керек, қанағат керек. Болашақ қазаққа да, халыққа да бірдеңе қалдыру керек қой", - деді ол.
Ермұрат Бапидің сөзінше, Қазақстанның мұнайы шекараға дейін ішкі нарықтың бағасымен сатылады да, шекарадан әрі әлемдік баға бойынша саудаланады. Депутат осы тұста мұнайды сататын ұлттық оператор құру керек деген пікірде.
"Екі аралықтағы маржа офшорларда, шетелдік банктерде шөгіп қалады. Бұл екі арада биыл біздің ел тартқан табиғи апаттан мемлекеттік бюджет орасан зор тапшылыққа тап болды, енді елдің әлеуметтік сұранысын өтеу үшін ұлттық қорға қол салдық. Тіпті бюджеттің жыртығын жамау үшін шетелдік банкілерден несие алып, еліміздің сыртқы қарызын тағы еселей түстік. Біз осындай әділетсіз және қазақ үшін қиянатты саудадан әлдекімдерді қисапсыз байытып отырмыз. Осы жолда бірегей оператор құру мәселесін шешуіміз керек деп ойлаймын. Бір парадокс: бізде мұнай өндіретін ұлттық компания бар, мұнайды тасымалдайтын ұлттық компания бар, ал мұнайды саудалайтын бірегей ұлттық оператор неге болмауы керек? Үкіметтің тарапынан ұсыныс болса, ұлттық оператор құру жөніндегі ұсыныстарды Парламент қарап, заңдастырып береді деген сенімдемін", - деді депутат.
Айта кетейік, ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 88,4 миллион тонна деңгейіне жетеді. Ал 10 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі - 73,5 миллион тонна.
Еске салайық, бұған дейін депутат Жаңбыршинге министр Сәтқалиевтің баяндамасы неге ұнамағанын жаздық.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова