Бұдан бірнеше күн бұрын "Қазақфильм" киностудиясында тағы дау шықты. Massaget.kz тілшісі бұл оқиғаның анық-қанығын білу үшін тараптармен сұхбаттасты.
16 шілдеде анимация бөлімінің бірнеше қызметкері 7 ай бойы жалақысыз отырғанын, "Алтын адам" жобасы үшін ақы алмағанын, Үкімет бекіткен 500 миллион теңгенің жобасы басталмағанын және анимация бөлімінде тінту жүргізілгенін айтып наразылыққа шыққан еді.
Киностудия басшылығының жұмысына разы болмағандардың бірі - Қазақанимация шығармашылық бірлестігінің редакторы Ерлан Төлеутай. Ол бөлім қызметкерлерінің басты үш наразылығын алға тартты:
Ерлан Төлеутайдың айтуынша, жобаның шығармашылық жағынан мәселе туындамаған.
"Бұл дау кешенді сипат алып тұр. Былтыр "Алтын адам" жобасы қабылдап алынды. Бұл жобаға құйылған 84 миллион теңгені басшылық үкіметке қайтарып отыр. Жобаны жасаған режиссерден бастап 40 шақты адам ақысыз қалды. Бұл - балалардың болашағына балта шабу. Бұлардың артында біреулер тұрған сияқты. Түк пәле жоқ, бәрі істелді, фильм дайын болды. Тіпті Досхан Жолдасов бастаған ұлттық комиссия "Алтын адам" фильміне таң-тамаша болған. Техникалық сипаттама бойынша фильм дұрыс орындалғанына күмәніміз жоқ. Майда-шүйде болады ғой, бірақ ол жұмыс барысында орындалды, ескертпелер қаралды. Бұл жоба бойынша Ұлттық кино қолдау орталығы "Қазақфильмді" сотқа берді. Ұлттық кино қолдау орталығының айтуынша, жоба бойынша есеп уақытылы тапсырылмаған. Бұрын мұндай сұмдық болмайтын. Шығармашылыққа жала жабылып, қаралап отыр. Былтырғы масқара биылғы масқараға ұласты", - деді Ерлан Төлеутай.
Massaget.kz тілшісі бұл мәселенің мән-жайын білу үшін "Қазақфильм" киностудиясының басшысы Азамат Сатыбалдымен сұхбаттасты.
Ол бұл жобаға қатысты бірнеше мәселенің басын ашты:
"Қазақфильм мен Қазақанимация жұмыскерлері жалақысын алып отыр. "Алтын адам" - бөлек жоба. Ол жерде адамдар келісімшартпен ғана жұмыс істейді. Қазақфильм мен Ұлттық кино қолдау орталығы "Алтын адам" жобасының шығармашылық тобына 41 миллион теңге қарыз. Осы екі мәселенің басын ашып алайық. Қазақфильм немесе Қазақанимация бөлімінің қызметкерлері жалақысын 7 ай бойы ала алмай жүр деген өтірік нәрсе. Олар - штаттан тыс адамдар. Бұл - 2019 жылы басталған жоба. Ол 5 жылға созылды. 90 пайыз қаражат төленді. 10 пайыз ғана қалды. Бұл жоба 2023 жылы толық аяқталуы керек еді. Әрі қарай созылмауы керек еді, себебі 2024-ке қаражат қарастырылмаған. 2021 жылы бұл жобаны созу заң бойынша мүмкіндік болды. 2023 жылғы қарашада Ұлттық кино қолдау орталығындағы құрамында 10-нан аса адам бар сарапшылар кеңесі жобаны қабылдап алады. Олар жобаны тексеріп, 126 ескертпе айтты. Шығармашылық топ бұл ескертпелерді 16 желтоқсанға дейін өзгертіп үлгеруі керек еді. Алайда тағы да өзгертулер болған соң сарапшылар кеңесі жобаны толық 2024 жылғы наурызға дейін аяқтауға мүмкіндік берген. Ал бюджет 2024 жылға дейін қарастырылмаған", - деді ол.
Азамат Сатыбалдының айтуынша, Қазақфильм бұл шешімге қарсы болып, Ұлттық кино қолдау орталығымен сотқа жүгінген. қазір екі ұжым (Қазақфильм мен Ұлттық кино қолдау орталығы - еск.) медиативті келісімге келіп отыр.
"Мен Құрманбек Жұмағалимен (Ұлттық кино қолдау орталығының басшысы - еск.) жақсы доспын. Арамызда араздық жоқ. Бұл - заңды процесс, сот арқылы шешімін тауып, бұл жобаны аяқтаудың шешімін табу керек. Сот жүріп жатыр. 1 ай бұрын Ұлттық кино қолдау орталығының басшысы Құрманбек мырза Қазақфильм аумағында "Алтын адам" жобасының шығармашылық тобымен кездесіп, фильмнің прокатқа шығып, содан жиналған қаражаттан Қазақфильм төлем жасайды деп келіскенбіз. Мұның видеосы да бар. Сол кезден жұмыс басталды. Біз қарашада "Алтын адам" жобасын прокатқа шығарып, жиналған ақшасын шығармашылық топқа төлейміз деп шешкенбіз. Ешқандай құжат кешіктірілген жоқ. Сарапшылар жобаны 2023 жылғы 15 желтоқсанда толығымен қабылдап тұр ғой. Демек олар құжаттарды да қабылдап тұр. Құжатты кешіктіргеннің өзінде айыппұл ғана алынады, ақшаны бермей қалу деген сөз емес. Мәселе жобаны наурызға дейін созғанда болып тұр. Мен Ұлттық кино қолдау орталығын қаралағым келмейді, олардың да өз жұмыстары бар", - дейді Азамат Сатыбалды.
Берешек сома - 41 миллион теңге. Жалпы жобаға 378 миллион теңге бөлінген, оның 294 миллион теңгесі төленіп қойған. Ал сөз болып отырған 84 миллион теңге - бұл Қазақфильмнің түгел қаражаты. Ал шығармашылық топқа берілетін сома - 41 миллион теңге.
"Олар неге шоу жасады?! Неге "Қазақфильм" алдына шықты?! Олар кез келген уақытта маған кіре алады да, кіріп те жүр. Мен тура сол кезде "Қазақфильмнің" жер мәселесі бойынша әкімдікте болдым. Шаруаны бітіріп келгенше олар кетіп қалған. 1 күн бұрын маған 2 адам кірді. Сол саланың адамдары, ертең болатын нәрсені айтқан жоқ. Тағы бір қызығы, неге бұл шу көктемде болған жоқ?! Себебі 12 шілдеде Қазақанимацияның жаңа жұмысына қатысты үкім шықты. Онда жаңа жұмыс басталып, қаржы түсетіні айтылған. Оны бәрі білді. Есімдерін атамаймын. Маған мына қызметті бер деп 2 адам келді. Олай болмайтынын, "Қазақанимацияның" жұмысы жаңадан басталатынын айттым. Осы жерде айқай-шу шығып, ауыздарына келгенін айтып кетті. Менімен ерегеске дейін барды. Одан кейін де тағы 1 адам келді. Барлығы заңды түрде болуы керегін айттым. Қазір "айқайлап жүрген" кей адамдарға анимация емес, басқа нәрсе керек сияқты. Ал "Алтын адам" жобасында қызмет еткендердің барлығына менің жаным ашиды, жүрегім аурады. Сондықтан мүмкіндігінше олардың ақшасын төлеп береміз, қарызды өтейміз. Министрлікпен осы мәселені шешу үшін барлығын істеп жатырмыз", - дейді Азамат Сатыбалды.
"Оған себеп көп. Кейде қаражат кеш түседі. Мысалы, шығармашылық ұжым наурыздан бастап жұмыс істеуі керек, бірақ бізде қаражат созылып-созылып, кейде тамызда түседі. Сол үшін шығармашылық ұжым 11 айдың жұмысын 6 айда істеуіне тура келеді. Олар бәрін салады, бірақ кейде үлгермей қалады. Бұған біржақты қарауға болмайды. Егер қаражат уақытында түскенде, олар да жұмысын уақытылы аяқтар еді", - дейді Азамат Сатыбалды.
Түйін: "Алтын адам" жобасын Ұлттық кино қолдау орталығы "Қазақфильм" киностудиясына 2019 тапсырыс береді. Ол жоспар бойынша 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда жоба 2024 жылғы наурызға дейін созылған. Салдарынан тапсырыс беруші жобаны іске асырушыларды сотқа береді. Ал жоба қызметкерлері "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істемейді, олар киностудиямен уақытша келісімшартқа отырған.
Азамат Сатыбалдының айтуынша, тапсырыс беруші мен орындаушы арасында медиатив келісім жасалған. Нәтижесінде "Алтын адам" жобасы қарашада прокатқа шығуы керек, содан жиналған қаражат шығармашылық топтың қарызын өтеуге кетеді.
"Қазақанимация" шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай тағы бір мәселені көтерді. Ол - қазақ тілді анимацияның дамуына мемлекеттен бөлінген қаржы.
"Биыл Үкімет бөлген 500 миллион теңгені игеруге тиіс болатын. Біздің басқарма басшымыз Айбике Рахымжанова министрліктің табалдырығын тоздырып, құжаттарға қол қойып әкелді. Бірақ "Қазақфильмнің" киностудиясының өкілдері қол қоймай, қайта килікті. Келісімшартта үкімет 500 миллион теңгеге 10 пилоттық жоба түсіруге тапсырма берген, бірақ оны телеарнадан көрсетуге құқығы жоқ деп көрсетілген. Бұл - абсурд нәрсе. Бұл сұрақты министрлікке де қойдық, бірақ жауабын таба алмадық. "Жоғарғы жақта солай бекітілген" дейді. Оны ешкім шекісі келмейді", - деді "Қазақанимация" шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай.
Азамат Сатыбалды бұл мәселеге пікір білдірді.
"Ағамыздың айтқаны - үлкен қателік. Ағамыз айтқанның барлығы шындыққа жанаспайды. 500 миллион теңге "Алтын адам" жобасының мүшелеріне қатысы жоқ. Қазақ анимация мен "Алтын адам" жобасы екі түрлі ұғым. Қазақфильм мен Қазақанимацияның штаттағы қызметкерлері жалақыны толық алып отыр. Олар 1-2 мәселені тілге тиек етіп, дау шығарып отыр. Қаншама адам қазір дұрыс түсінбей, қарғап жатыр. Оның бәрі қайтады ғой өздеріне", - дейді ол.
Азамат Сатыбалдының айтуыша, министрлік 500 миллион теңгені игеру қатысты қолды 12 шілдеде қойған. Одан кейін анимация бөліміндегі жабдықтарды даярлау жұмыстары басталып кеткен. Ендігі кезекте бұл жобаға жұмыс істейтін адамдар тобы жинақталмақ. Демек, 500 миллион теңгеге қатысты жұмыс енді басталмақ.
Түйін:500 миллион теңгені игеру жұмысы енді басталмақ. Ол "Алтын адам" жобасының қызметкерлеріне қатысы жоқ. Бұл қаражатты игеру мақсатында жаңа құрам жиналады. Азамат Сатыбалды бұл қаражатты игеру мақсатында "Алтын адам" жобасының шығармашылық тобымен жұмыс істеуге қарсы емесін айтты.
Ерлан Төлеутай тағы не үшін ашынғанын айтты. Ол Қазақфильм басшыларының тарапынан қарапайым қызметкерлерге қысым жасалғанын алға тартты. Тіпті жұмыс орындарына ескертусіз тінту жасалған дейді.
"Бұл аздай анимация бөліміне қауіпсіздік қызметін әкеліп, анимация бөлімінің басшысын, қызметкерлерін қуып, есікті жауып, тінту жасаған. Бұл бізді ашындырды. Бұл - өрескел әрекет. Қазақ кино тарихында мұндай болмаған. Қазақфильм басшылары қарапайым қызметкерлерге ешқашан қысым жасамайтын", - деді Қазақанимация шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай.
Алайд Азамат Сатыбалды бұл айыптауды да жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл - жоспарлы тексеріс жұмысы, қызметкерлерге мұндай тексеріс болатыны алдын ала айтылған.
"Шмон жасады, НКВД жасады дейді. Ол ондай емес. Ағамыз айтқанның 99 пайызы өтірік. 12 шілдеде Қазақанимацияға қатысты үкім шықты. Біз 15 шілдеде IT-саласының мамандарын шақырып, компьютердердің жұмысын тексеруіміз керек еді. Жаңа адамдарды жинауға бізде 1 ғана апта бар. Бұл - жыл сайын болатын тексеріс. Оған қоса, сол күні 2-ақ адам болған. "Бүкіл бәрін шығарып жіберді" деген өтірік. Бұл жай ғана сылтау ғой. Біз өзімізге тиесілі жұмыс орнын тексермей қалай отырамыз?! Негізі заң бойынша ол жерде ешкім болмауы керек, себебі жұмыс 15-і басталады. Егер ешкім болмаса, біз кімді қудық?! Біз басқа техникаларды күнде тексереміз. Ол Қазақфильмге жұмыс істеп тұр ма, істемей тұрса, не үшін? Мен олардың үйіне барып не үйіндегі жұмыс орнын тіміскілеген жоқпын. Қазақфильм құралдары тек Қазақфильмге жұмыс істеуі керек", - дейді ол.
Азамат Сатыбалдының айтуынша, Қазақфильмнің техникасымен өзге жобалар жасалған. Бұл тексеріс кезінде анықталған.
"Біздің Қазақфильмді тексермей қалған орган жоқ, бәрі тексеріп жатыр. Мұның бәрі процесте. Бірақ мен әр адамның артынан жүгіріп, үңіліп отырғым келмейді, құзырлы органдар тексеріп жатыр", - дейді ол.
Бұл мәселеге қатысты үшінші тарап - Ұлттық кино қолдау орталығы. Massaget.kz тілшісі орталыққа бұл "Алтын адам" жобасына қатысты сауал жолдады.
Ұлттық кино қолдау орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Жоба Ұлттық кино орталығына 2020 жылы ұсынылып басталған. Жалпы құны - 378 миллион теңге. Келісімшарт бойынша киножоба 2021 жылы аяқталуға тиіс болатын. Бірақ орындаушы жұмысты толық аяқтамай, фильмді өткізбеді. 2022 жылы "Қазақфильм" жобаны қайта тапсыра алмады. 2023 жылға созылған жобада соңғы түзетулер қамтылмаған болып шықты. Орталық ұжымның 3 жыл бойы жобаны аяқтай алмай келе жатқан себептеріне түсіністікпен қарап, тиісті атқарған жұмыстарына қаражат төленіп келді. Орындаушыға атқарған жұмысы үшін 294 миллион теңге төленді", - дейді ол.
"Себебі 2023 жылдың аяғында жоба толық аяқталуы керек еді. Алайда ұжым жыл аяғында тағы шикі жобаны тапсырды. Сараптама кеңесі жобаға қатысты 126 ескерту енгізген. Бірақ бұл түйткілді тұстар жоғарыда айтқанымдай, уақытылы түзетілмеген болып шықты. Мәселе жылдарға созылды, сондықтан Ұлттық киноны қолдау орталығы мен "Қазақфильм" арасындағы іс сотқа жетті. Ал аяқталмаған жобаға мемлекет қаржы бөле алмайды. Осыған байланысты қалған 84 миллион теңге қаржы бюджет қазынасына қайтарылды. Тағы бір ескеретін дүние, осыдан бір ай бұрын "Қазақфильм" тізгініндегі әріптесім Азамат Сатыбалдымен бірге сот шешімін орындау жөніндегі медиативті келісімге келдік. "Қазақфильм" және жобаға жауапты ұжым жобаны өзара келісім арқылы аяқтап, "Алтын адам" анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20 пайызы кино орталығына аударылса, қалған 80 пайызы "Қазақфильмнің" үлесінде қалады. Осылайша "Қазақфильм" бұл жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейтін болады", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!