Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ 1941 жылдың күзінде Мәскеуді қорғап қалған 316-шы атқыштар дивизиясына арналған екі тарихи картина – деректі және көркем фильмді Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студенттеріне көрсетті.
«Ел басына күн туса» көркем және «316-ая стрелковая» деректі фильмдері панфиловшы-батырлардың Мәскеу түбінде Волоколамск тас жолында неміс әскерін ойсырата жеңген күніне 75 жыл толуына орай өскелең ұрпаққа тағылым ретінде көрсетіліп отыр. ҚазҰӨА кинозалында өткен көрсетілімнен соң студенттер майдангер режиссер Мәжит Бегалиннің інісі Қасым Бегалин және Қазақстанның халық артисі Нұржұман Ықтымбаевпен сұхбат құрды.
Фильмдер жайлы ақпарат беріп өтсек, «316-ая стрелковая» – Ұлы Отан соғысы кезінде құрмет белгісі ретінде қолбасшының атымен аталған жалғыз дивизия – Панфиловшы дивизиясына арналған деректі фильм. 1941 жылы 16 қараша күні – Гитлер стратегиясының құрдымға кеткен, тез арада басып алу жоспары бұзылған күн. Фильм майдангер-жазушы Б.Момышұлының естеліктері негізінде жасалған.
«Ел басына күн туса» - 1941 жылы Мәскеу түбінде шайқасқан және 1941 жылдың 22 желтоқсанында неміс әскеріне төтеп берген Панфилов дивизиясына арналған, Бауыржан Момышұлының кітаптары мен мәліметтері негізінде жасалған көркем фильм.