- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақфильм киностудиясы жайлы
“Қазақфильм“ киностудиясы жабыла ма? Мәдениет министрі жауап берді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжіліс кулуарында "Қазақфильм" киностудиясының жабылу қаупі бар ма деген сұраққа жауап берді. Өз кезегінде министр киностудия жабылмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әрине, жоқ. Мен министр ретінде мәлімдеймін. Бұл - біздің тарихымыз. Сондай-ақ кино, кинематографияның дамуы "Қазақфильммен" тікелей байланысты. Әрине, бұл кәсіпорынды сақтап, табиғи түрде дамыту - біздің ұрпақтың парызы", - деді Аида Балаева.
Балаеваның сөзінше, қазір мәдениет және ақпарат министрлігінің "Қазақфильмді" тікелей қаржыландыруына құқықтық негіз жоқ.
"Қазіргі таңда біз нақты шараларды дайындап жатырмыз. Біріншіден, бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеу жоспарланып отыр. Заңға "Қазақфильмді" мемлекеттік тапсырмалар мен арнайы тетіктер арқылы тікелей қаржыландыруға мүмкіндік беретін норма енгізу қажет. Алайда қазір министрліктің оны тікелей қаржыландыруға құқығы жоқ, сондықтан бұл тек уақыт мәселесі. Сонымен қатар "Қазақфильм" қиын жағдайда тұрғандықтан, біз оның басқару тәсілдерін қайта қарастырамыз. Қаржыландыру болмаған кезде қандай да бір даму туралы айту қиын. Қазіргі таңда олар қызметкерлердің жалақысын қамтамасыз ету үшін ғимараттар мен жабдықтарды жалға беруден түскен қаражатты пайдалануға мәжбүр," - деп түсіндірді министр.
"Қазақфильмдегі" дау
Қазіргі уақытта Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында қаржылық қиындықтар мен қызметкерлерге төленетін жалақы бойынша қарыздар бар. Соңғы бір жылда киностудияның басынан дау арылмады. Биылғы жылдың шілде айында киностудияның анимация бөлімінің қызметкерлері басшылыққа Азамат Сатыбалды келгелі бірнеше ай бойы жалақысыз жүргендерін айтып, жұмыс орнында ескертусіз тінту жүргізілді деп наразылыққа шыққан еді. Кейіннен Азамат Сатыбалды киностудия президенті қызметінен кетті.
Белгілі дәстүрлі әнші, кинорежиссер Ерлан Төлеутай 3 қараша күні "Біз тағы майданға шықтық. "Қазақфильмнен" қолыңды тарт, Алматы әкімдігі" деп әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, Президент атына үндеу жолдағандарын мәлімдеген еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет