"Қазақфильм" киностудиясы әлеуметтік желідегі парақшасында кейінгі кездері БАҚ беттерінде тараған материалдарға байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақфильм" соның ішінде киностудия жер учаскесін сатқаны және өткізу режимінің қатаңдатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы соңғы күндері Рысқұлов даңғылы, 101 Б мекенжайында орналасқан жер учаскесі мен бұрынғы "Қазкино" кешенін сату туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Қазіргі уақытта учаске мен ғимарат киностудияның меншігінде және сатуға шығарылмайды. Киностудия сонымен бірге аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында "Қазақфильм" Алматы әкімдігінің өкілдерін тарта отырып, кешенді сараптама жүргізуді бастады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша осы ғимаратты қауіпсіз пайдалану үшін қажетті шешімдер қабылданады. Жер учаскесі мен кешенді сату туралы барлық ақпарат жалған. Бұл жалған ақпарат әрі қарай таралған жағдайда сотқа жүгінуге құқығымыз бар", - делінген мәлімдемеде.
Аталған учаскеде авариялық жағдайда тұрған ғимарат анықталды. Бұл киностудия мамандарының бірнеше рет жүргізген тексерулерінде расталды.
Киностудия сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясының аумағындағы өткізу режимінің қатаңдатылуы туралы хабарламалар да шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
"Қолданыстағы өткізу жүйесі қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және киностудия мүлкін қорғауға арналған. Мұндай шаралар әлемдегі барлық киностудияларда қалыпты тәжірибе болып саналады және ұрлық, өртеу және басқа да оқиғалардың алдын алу үшін қажет. Жақында енгізілген қауіпсіздік шаралары студия аумағында болған өрт пен қызметкерлерге жасалған шабуыл сияқты оқиғаларға жауап ретінде жасалып, студияда жұмыс істейтіндердің барлығын қорғауға бағытталған", - делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар "Қазақфильм" киножобаларды қаржыландыру туралы ақпаратқа да түсінік берді.
"2023 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 18 жобаны өндіріске жіберіп, олардың 10-ы 70%-дан астам қаржыландырылды. Оның ішінде екі жоба 100% қаржыландырылды. Ал қалған сегіз жоба 50%-дан төмен қаржыландыру алды, алайда олардың бірқатарына аралық төлемдер жасалды. Кейбір жобаларды қаржыландырудың кешігуі Қазынашылық комитеттің кеш қаржы бөлуімен байланысты. Сонымен қатар кешіктірілу есептердің уақытылы тапсырылмауымен де байланысты, бұл келесі транштарды алу үшін қажетті шарт", - делінген жазбада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!