- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ ұлттық университетінің...
Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетін 6 жыл оқып бітірген түлектер әлекке түсті
Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетін 6 жыл оқыған түлектер резидентураға түсе алмай әлек. Оларды өзге медициналық жоғары оқу орындары білімі жеткіліксіз қабылдамай қойыпты. Мұны естіген Ұлттық университетті келесі жылы бітіретін студенттер де дабыл қағып отыр. Себебі, нақты бір салаға бейімделген дәрігер болу үшін оларға резидентура аса қажет. Денсаулық сақтау министрлігі жастардың екі ортада сабылуына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін кінәлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бірі хирург, бірі эндокринолог, енді бірі нарколог болуды армандаған бұл жастар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. Енді қалаған маман иесі атану жолында кедергіге тап болып отыр. Бес жылдық бакалаврды, артынша бір жылдық интернатураны бітірген түлектер биыл резидентураға түсе алмай, тығырыққа тірелген. Өзге медициналық жоғары оқу орындары ұлттық университет түлектері интернатураны жеткіліксіз оқыған деп отыр.
"Бір жылдық интернатураларыңыз жарамсыз, екінші жыл барып оқып келіңіздер деп отыр. Диплом қолдарында. Мемлекеттік үлгіде. Оны қайтадан келіп ол дипломды, ол құжат қой, мемлекеттік құжат, оны қоқсқа тастап, екінші жыл оқи берейік деген нәрсе дұрыс емес, процедура бұзылады, заң бұзылады", дейді ҚазҰУ түлегі Айдана Пазылбек.
Ұлттық университетті келер жылы тәмәмдайтын 80 студент де қазірден дабыл қағып отыр. Өйткені резидентураға түсу бұларға аса маңызды. Оны оқымаса, нақты бір салаға бейімделген маман бола алмайды. Яғни тек жалпы тәжірибелік дәрігер болып қалмақ.
"Менің бес жылдық оқуым зая кетпек. Себебі ар жағында мен жалпы тәжірибелік дәрігер болуға ғана құқым қалып тұр. Жылына миллион 70 мың төледім. Интернатурада баға одан да үлкейеді. Миллион 700 мың сұрайды. Мен соны төлеуім керек. Және одан кейін жылдар бойы төленген ақшаммен әрі қарай мен жеке мамандық ала алмаймын", дейді ҚазҰУ түлегі Әлия Құдайберген.
Сөйтсе Қазақ ұлттық университеті жастарды медициналық білім берудің жаңа стандартымен оқытыпты. Соған сәйкес, бакалаврдан кейін оқылатын интернатура бір жылға қысқартылған. Енді оқу орнының басшылығы өз түлектерінің резидентураға қабылдануын сұрап, денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдаған.
"Хат жаздық, нәтижесін күтіп отырмыз. Егер де ДСМ шешімі болса, оқыт деген, онда біз оқытуға біз дайынбыз, тағы бір жыл. Себебі балалар бәрі ақылы түрде оқыды, бір жыл. Енді тағы бір жыл оқыт десе, оқытамыз", дейді ҚазҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов.
Денсаулық сақтау министрлігі жастарға мерзімінен бұрын диплом берген университетті айыптады. Себебі, бұл түлектер оқуға түскен кездегі талапқа сәйкес, 7 жыл толыққанды білім алуы керек екен.
"Білім туралы заңға сәйкес, олар университетті оқуға түскен кездегі бағдарлама бойынша аяқтауы керек. Сол кезде 7 жыл оқуы керек деп белгіленген болса, сол 7 жылды толыққанды оқып шығуы тиіс. Кейінірек қолданысқа енген бағдарламаның бұл түлектерге қатысы жоқ. Сондықтан интернатураның тағы бір жылын оқып келсін. Содан кейін ғана резидентураға түсе алады", дейді ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің Медициналық білім басқармасының басшысы Әсет Ізденов.
Ал, түлектер қажетті білімнің бәрін "бір жыл ішінде алып қойдық" деп отыр. Әрі тағы бір жыл ақылы оқуға ешқайсының құлқы жоқ. Сондықтан қолда бар дипломмен резидентураға қабылдауды талап етеді. Айта кетейік, оның өзін таңдаған бағытына қарай, резиденттер 2 жылдан 4 жылға дейін оқиды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина