Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ тілінің бүгінгі жағдайын әлемдік геосаясатпен байланыстырды. Оның айтуынша, Қазақстан билігі тіл реформасына келгенде сыртқы саяси факторларға тәуелді.
"Тіл мәселесі – ұлттың тағдырына тікелей қатысты. Біз Парламентте бұл туралы талай айттық, бірақ нәтиже шықпай отыр. Қабырғаға соғылған бұршақ сияқты – бәрі өзімізге қайтып келеді. Себебі бұл – саяси шешім. Ал саяси шешім қабылдарда біз Ресейге жалтақтауға мәжбүрміз", – деді депутат.
Бәпидің пайымынша, 7,5 мың шақырым шекаралас жатқан Ресеймен қатынас – тіл реформасы тұрғысынан шешуші фактор.
"Грузияның мысалын алайық. Ресеймен ерегестің салдарынан олар Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан айырылып қалды. Украина жерінің 20 пайызы оккупацияда. Біз осындай жағдайда ұлттық мүддемізді, оның ішінде тіл мәселесін қаншалықты қорғай аламыз?", – деп сауал тастады ол.
Сондай-ақ депутат ел ішіндегі рухани құлдырау мен жастардың жаппай шетелге кетуін тіл тағдырына кері әсер ететін факторлар ретінде атады.
"Қоғамда деградациялық үрдістер белең алған. Жұмыс іздеп, жайлы өмір аңсап кеткен жастар көбейіп жатыр. Мұндай жағдайда елдік рух пен патриотизм әлсірейді. Ал Парламенттің 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді дегенімізбен, бұл нақты нәтиже емес", – деді Ермұрат Бәпи.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет