Қазақ тіліндегі цифрлық өнімдер мен сөздіктер жасау жайлы маңызды міндеттер қойылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында қазақ тілін халықаралық деңгейде дамыту, цифрлық кеңістіктегі қазақша контентті көбейту және тілдегі жасанды аудармаларды реттеу мәселелеріне тоқталды, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Сөздіктер әзірленеді

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілінің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз етіп, оны халықаралық тілдер қауымдастығында өзіндік орны бар тіл ретінде дамыту қажет.

Президент "Қазақ тілі" қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды ұсынды.

" "Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым. Жалпы, пайдалы еңбек деп санаймын. Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әзірленетін сөздіктер
қазақ–француз
қазақ–испан
қазақ–қытай
қазақ–араб
қазақ–неміс
қазақ–итальян
қазақ–жапон
қазақ–корей
қазақ–парсы

Сонымен қатар қазақ–орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартып, барлық сөздіктің электрондық нұсқасын әзірлеу және оларды үнемі толықтырып отыру тапсырылды.

Президенттің сөзінше, тілдің халықаралық байланысын нығайту мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашып, елдің зияткерлік әлеуетін арттырады.

Қазақ тіліндегі цифрлық өнімдер көбейтілуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев тілдің болашағы тек сөздіктер мен оқулықтарға байланысты емес екенін атап өтті. Адамдар ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алатын тілдің әлеуеті күшейе түседі.

– Тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес. Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық. Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет. Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет. Қазақша ақпараттың аясы, яғни қазіргі тілмен айтсақ, қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс. Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнім әзірлеген жөн, - деді Тоқаев.

Президент жасанды аудармалар туралы да айтты

Мемлекет басшысы қазақ тілінде кейінгі жылдары қалыптасып, кең қолданыс тапқан жаңа сөздерге де тоқталды. Оның айтуынша, "тұжырымдама", "қағидат", "сыйақы", "шәкіртақы", "еңбек өтілі", "жанармай", "ғаламтор", "тікұшақ", "пайыз" және "сынып" секілді сөздердің тілге сіңуі – жақсы құбылыс.

Тілге сіңген сәтті баламалар

тұжырымдама · қағидат · сыйақы · шәкіртақы · еңбек өтілі · жанармай · ғаламтор · тікұшақ · пайыз · сынып

Алайда Президент кейбір сөздерді қолдан аударуға шектен тыс әуестенбеу керегін айтты.

"Әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, "күйсандық" (пианино), "қылтима" (балкон), "субұрқақ" (фонтан), "себезгі" (душ), "қырыққабат" (капуста), "үнқағаз" (газет), "жеделсаты" (лифт), "желкөз" (форточка) және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол кейінгі кезде дінге қатысты көне қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісіне де күмән келтірді. Президент мұндай мәселелерге кәсіби ғалымдар салмақты пікір айтуы қажет екенін атап өтті.

Арнайы жұмыс тобы құрылады

Мемлекет басшысы тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеуді ұсынды.

Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар және қоғам өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобын құру қажет. Оның қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі.

Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру мен ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау жайлы баса айтқанын да жазған едік.