- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ тіліндегі 100...
Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың электронды нұсқасы жарияланды
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы негізінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асып, әлемнің белді университеттерінде пайдаланылатын гуманитарлық бағыттағы 100 кітап аударыла бастаған еді. 12 сәуірде кітаптардың алғашқы легі дайын болып, 18 түрлі оқулық көпшілікке таныстырылды. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба.
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әлемнің ең мықты ғалымдарының үздік оқулықтарын қазақ тіліне аударып, оны отандық оқу орындар бағдарламасына енгізуді тапсырған болатын. Елбасы өз сөзінде: «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алады», – деген болатын. Жаңа кітаптар баспадан шығып мамыр айында кітапханаларға таратылды. Ал енді жаңа оқулықтардың электронды нұсқасы қолжетімді болып отыр.
18 оқулықтың барлығы Қазақстан ашық университетінің openu.kz сайтында жарияланды. Әр кітапта оқулық аннотациясымен бірге автор туралы мәлімет және аудармашылар көрсетілген:
1) Энтони Кенни, «Антика философиясы».
2) Энтони Кенни, «Орта ғасыр философиясы».
3) Дерек Джонстон, «Философияның қысқаша тарихы».
4) Реми Хесс, «Философияның таңдаулы 25 кітабы».
5) Карен Армстронг, «Құдайтану баяны».
6) Дэвид Бринкерхофф, «Әлеуметтану негіздері».
7) Джордж Ритцер, Джеффри Степницки, «Әлеуметтану теориясы».
8) Эллиот Аронсон, «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе».
9) Дуэйн және Сидней Шульцтер, «Қазіргі психология тарихы»,
10) Дэвид Майерс, «Әлеуметтік психология».
11) Грегори Менкью, «Экономикс».
12) Дональд Куратко, «Кәсіпкерлік: теория, практика, процесс».
13) Рикки Гриффин, «Менеджмент».
14) Ли Энн Пек, Гай А. Рил, «Медиаэтика».
15) Виктория Фромкин, «Тіл біліміне кіріспе».
16) Светлана Тер-Минасова, «Тіл және мәдениетаралық коммуникация».
17) Алан Барнард, «Антропология тарихы мен теориясы».
18) Клаус Шваб, «Төртінші индустриялық революция»