Жуырда АҚШ-тың Алматыдағы жаңа бас консулы тағайындалды. Ал екі апта бұрын ол ресми түрде қызметін растайтын "экзекватурасын" алды. Қазақ қоғамы жаңадан тағайындалған бас консулды жылы қабылдады, себебі ол 20 жыл бұрын Алматыда қызмет еткен. Ал күйеуі - қазақ. Massaget.kz тілшісі Мишел Еркінмен өмірі, еңбек жолы мен 20 жыл бұрынғы Қазақстан мен естеліктері туралы сұхбаттасты.
Алғашқы дипломатиялық миссиясы Алматыдан басталған
Мишел Еркіннің 20 жыл бұрын шетелдегі алғашқы дипломатиялық миссиясы Алматыдан басталған.
Дипломатиялық қызметте 20 жыл бойы ол әлемнің түрлі елдерін аралап үлгерген. Бұған дейін бас консул Рейкьявиктегі (Исландия) АҚШ Елшілігінде миссия басшысының орынбасары және уақытша сенімді өкіл қызметтерін атқарды. Бұдан басқа, Панама, Қырғызстан, Сальвадор және Ресейде қызмет атқарған.
"Алматыға келгеніме 1 ай болды, бірақ мен бұған дейін 2003-2005 жылдар аралығында мұнда жұмыс істедім. Келе салысымен жағымда өзгерістер байқадым. Мысалы, Теренкур, Арбат, Бутаковка. Инфрақұрылым салынған, табиғи жердің сұлулығы сақталған. Кей жерді тіптен танымай қаласың", - деді ол.
"Үй тапсырмасын қағазға жазып, пошта арқылы жіберетінбіз"
Солтүстік Миннесотаның ауыл шаруашылығымен айналысқан ортасынан шыққан Мишел Еркін - Ақ Жер Оджибве (Чиппева) тайпасының ұрпағы. Мишел Еркіннің айтуынша, ХХ ғасырдың аяғындағы КСРО-дағы өзгерістер оның болашағына әсер еткен.
"Мен Миннесота штатында туып өстім. Бұл жер - ауыл шаруашылығына негізделген, ауылдық жер. Онда балаларға арналған мүмкіндік көп емес. Ал мені сол кезде КСРО-да болған өзгерістер қызықтырды: қайта құру кезеңі, Горбачевтің билікке келуі. Сөйтіп мен орыс тілін оқимын деп шештім. Алайда біздің кезде интернет болған жоқ, сондықтан орыс тілінен үй тапсырмасын қағазға жазып, пошта арқылы жіберетінбіз. Оның жауабы (үй тапсырмасының - еск.) екі аптадан кейін ғана келеді. Міне, орыс тілін солай үйрене бастадым. Кейін балаларға арналған лагерьге қатысып, орыс тілін одан әрі оқыдым", - деді бас консул.
"Отбасым Қазақстаннан келген оқушыны қабылдады"
Мишел Еркін Йель университетін "Ресей және шығысеуропалық зерттеулер" мамандығы бойынша үздік бітірген. Содан кейін ол Миннесота университетінің заң мектебінің Юриспруденция докторы дәрежесін алды. Мишел ханым жоғары оқу орнында оқып жатқанда оның ата-анасы орта білім алмасу бағдарламасы бойынша қазақстандық оқушыны қабылдаған. Бұл оның Қазақстанмен байланысының алғышарты іспетті.
"Йель университетін кейін Заң мектебін аяқтадым. Сол кезде бір танысым маған "мүмкін дипломатияға барарсың" деп жол сілтеді. Бұл сала бойынша мансабымды бастамас бұрын 1993 жылы орта білім алмасу программаларымен АҚШ-қа Қазақстаннан оқушылар келіп жатты. Бұл бағдарлама қазір FLEX-ке айналды. 1994 жылы менің отбасым бағдарлама аясында Қазақстаннан келген оқушыны қабылдады. Миннесотада оқушыларға арналған қызық нәрсе көп емес. Ол менің ініммен, отбасыммен аң аулайтын (қазір онда аң аулауға болмайды - еск.). Мен бұл уақытта университетте оқып жүрдім, ол менің ата-анаммен, ініммен бірге тұрды. Қарапайым америкалық жастардың істейтін заттарымен айналысты. Көбіне аң аулап, футбол ойнайтын", - деді ол.
Мишел ханым Заң жоғары мектебінде оқып жүргенде де қазақ досының көп болғанын, барлығы бір жатақханада тұрғанын бөлісті.
Дипломатиялық қызметке орналасқаннан кейін Мишел ханымның орыс тілін жетік меңгергені ескеріліп, алғашқы дипломатиялық миссиясына Алматыға жіберілген.
"Бұл - мен үшін зор құрмет"
"Бұл менің алғашқы шетелдік миссиям болған. Дипломат ретінде алғаш рет 2003 жылы Алматыға келдім. Жаңадан келген дипломаттар консулдық басқармада визаға қатысты жұмыстармен айналысады. Мен де сондай қызмет еттім. Оған қоса, әкімшілік бөлімде де жұмыс істедім. 2005 жылы Американың елшілігін Астанаға көшеріміз деген хабар жетті. Бірнеше жылдан кейін Алматыда Бас консулдық болады, кейін Алматыға бас консул болып тағайындалып келемін деген ой мүлде болмады. Бұл - мен үшін зор құрмет", - деді Мишел Еркін.
Бас консул Мишел Еркіннің консулдық аймағына Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстары кіреді.
"Қазақстанда 20 жылда көп нәрсе өзгергені байқалады. Алғаш келгенде Шарын шатқалына, ҮАК-ға бардық. Ол кезде жанымда 5 жасар ұлым болған. Кейін 2005 жылғы ақпанда елші Ордвеймен (Джон Ордвей - еск.) Қазақстанның оңтүстік өңіріне, соның ішінде Тараз, Шымкент, Түркістанға сапар ұйымдастырдық. Қайтарда тоқтамастан жапалақтап қар жауды, сол үшін пойызбен қайтуымызға тура келді. Қазір бұл есіме түсіп отыр, себебі жақын арада елші Розенблюммен (Дэниел Розенблюм - еск.) тағы да оңтүстік өңірге сапарға шыққалы жатырмыз", - деді бас консул.
"Қазақ тілінің ролі күшейе түскені қуантады"
"Дипломатия - адамдар арасында байланыс орнату. Мұнда келгелі бірден көзге түскен нәрсе - қазақ тілінің ролі күшейе түскені, пайдалану аясының кеңейгені. Бұл - қуантарлық жағдай. Соған орай, біз қазір отбасымызбен қазақ тілін тереңірек меңгеріп жатырмыз. Жақында әріптестерімізбен бірге Абай операсына бардық. Қазақ халқының сондай дарынды екеніне қайта көзім жетті. Қазақ тілін үйренуім - қазақ халқына құрмет және қазақ халқының егемендігі мен территориялық тұтастығына деген қолдауым", - дейді бас консул.
"Жұмыс істейтін жердің тілін үйрену - сол жердің халқын құрметтеу"
Мишел Еркін қазақ тілінен басқа испан тілінде де еркін сөйлейді. Ал орыс тілін Йель университетінде "Ресей және шығысеуропалық зерттеулер" мамандығы бойынша білім алғанда меңгерген.
"Бала кезімнен бұл жерге (Орта Азия - еск.), мәдениеті мен тіліне қызықтым. Бұрынғы қызметім Исландияда болған. Исланд тілі - өте қиын тіл. Соған қарамастан күш салып, бұл тілді де меңгердім. Жұмыс істейтін жердің тілін үйрену - сол жердің халқын құрметтеу", - дейді Мишел Еркін.
Бас консулдың айтуынша, кей елдерде мемлекеттік тілді білуге міндеттемейді. Мәселен, Исландияда ешкім тіл меңгеруге мәжбүрлемеген. Бірақ Мишел ханым тіл меңгеруге ден қойған. АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанға келетін дипломаттарға қазақ тілін үйренуге назар аударады. Бұл - жеке адамның қызығушылығы емес, бұл - саясат. Бас консул әріптесі Ник Новактың (Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы - еск.) , оның алдында болған бас консул Кэролайн Сэвидждің де қазақша жақсы сөйлейтінін атап өтті.
"Қазақ тілінде "мақтаншақ" деген сөз ұнайды"
Мишел Еркін ағылшын, орыс, испан тілдерінде еркін сөйлейді. Қазақ тілін үйреніп жүрген бас консул исланд, неміс, италиян тілдерін де меңгерген.
"Қазақ тілін үйрену оңай деп айта алмаймын. Кейде сөз аяғындағы қосымшалардан шатасып жатамын. Кейде қазақшам жетпей қалғанда орысша сөздерді араластырып жіберемін. Қазір аптасына 4 сағат қазақ тілін оқимын. Мұғалімім ұсынған Міржақып Дулатұлы туралы "Оян, қазақ" деген туындының бірнеше сериясын көрдім. Одан басқа, Темірлан Мукашевтің саяхат туралы видеолары ұнайды. Көбіне субтитрмен қараймын. Табиғат, ғимарат деген сөздерін қайталап отырамын. Маған қазақ тілінде "мақтаншақ" деген сөз ұнайды. Сөздің дыбысталуы сондай жағымды. "Айналайын" деген сөзді енем балаларыма көп айтады. Алайда маған "мақтаншақ" деген сөз қатты ұнайды", - деді Мишел Еркін.
Мишел Еркін өзін "Украина жанашыры" ретінді позициялайды. Ол елдегі ахуал мен АҚШ үкіметінің Қазақстандағы кейінгі жылдарда болған өзгерістерге деген көзқарасын айтты.
"Жақында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жолдама жасаған еді. Ол сөзінде "БҰҰ жариялаған халықаралық тәртіпке және жеке ұлттардың тәуелсіздігіне, егемендігіне, территориялқ тұтастығына, жеке адамдардың құқығына, жалпы құндылықтарға қауіп төндіріп отырған Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы - қазіргі заманның ең ауыр қауіпі" деді. 30 жылдан аса уақыт америкалық үкімет Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне, территориялқ тұтастығын қолдайтынын айтып келді және болашақта да қолдауды тоқтатпайды", - дейді бас консул.
Бас консулдың айтуынша, АҚШ үкіметі еліміздегі кейінгі кездегі саяси реформалардың жүзеге асуын, сөз еркіндігі мен адам құқығын қолдайды.
Балалық шағы фермада, ауылдық жерде өткен соң Мишел ханым табиғатқа жақын екенін айтты. Ол оңтүстік Қазақстанның табиғатына тамсанатынын жасырмады, 3 жыл ішінде елдің басқа өңіріне барып саяхаттай алатынына үміттенеді. Оның айтуынша, АҚШ-тағы Колорадо штаты Қазақстанға ұқсайды.
"Бұл мүмкіндік қайта туғанына қуаныштымын"
Сондай-ақ, ол спортқа бейім екенін бөлісті.
"20 жыл бұрын келгенде ат үстінде шапқан едік, бұл мүмкіндік қайта туғанына қуаныштымын. Біз отбасымызбен спортқа жақынбыз. Қолымыз босаса, футбол, баскетбол ойнап, ролик тепкенді ұнатамыз", - деді ол.
"Балаларымның еліне келіп, қазақ мәдениетін сезіне алатынына қуанышымда шек жоқ"
Мишел Еркін мен жолдасы Жомарт төрт бала тәрбиелеп отыр. Ол қазақ мәдениетін күйеуі мен енесінен білгенін айтады.
"Қазақ мәдениеті, әдет-ғұрпы туралы жолдасым мен енемнен көп білдім. Бұған дейін де университет те оқып жүргенде достарымнан естіп едім. Көп жыл бойы енеммен бірге тұрамыз. Ол кісі бізге бауырсақ, бешбармақ жасап береді. Балаларымның мектебінде халықаралық күн болғанда біз бауырсақ таратып, түрлі кәдесыйлар қоямыз. Балаларымның еліне келіп, қазақ мәдениетін сезіне алатынына қуанышымда шек жоқ. Бұдан басқа, тегім - "Еркін". Бұл да бір белгі сияқты, кәсіби тұрғыдан да Қазақстанда бәрі еркін болғанын қалаймын", - деді ол.
Мишел Еркін алдағы жоспарын бөлісті.
"Кәсіби жағынан айтсам, басты басымдық - елдің егемендігін сақтап, қолдау. Екіншіден, 30 жылдан аса дипломатиялық байланыс орнаған екі ел арасындағы тығыз байланысты сақтау, бағдарламалар аясында екі ұлт арасында байналысты нығайту. Үшіншіден, екі ел экономикасын дамыту үшін сауда мен инвестициясына күш салу, жақсарту.
Мишел Еркіннің екі баласы биыл мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басқалы тұр. Ол кез келген ана секілді олардың болашағына алаңдаулы. Сондықтан бас консул балаларын оқуға түсіріп, жаңа өмірге дұрыстап дайындау керегін айтты.
Еске салайық, тамыздың басында АҚШ-тың Алматыдағы жаңадан тағайындалған бас консулы Мишел Еркін Қазақстанға келгенін хабарланған еді.
"Күйеуінің есімі - Жомарт, төрт баласы бар". АҚШ-тың Алматыдағы жаңа консулы туралы не белгілі?
Бұған дейін АҚШ-тың Алматыдағы жаңадан тағайындалған консулы өзін қазақстандықтарға таныстырып, видео түсірген еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз