Абдуллах Секими - Астанада тұратын Франция азаматы. Оның келгеніне бір жыл болыпты. Қазіргі таңда шет тілдерінен сабақ береді. Ол қазақ тілін 6 ай ішінде меңгеріп алған. Massaget.kz тілшісі Абдуллахпен сұхбаттасып, Қазақстандағы өмірге қалай бейімделгенін сұрады.
"Қазақстанға келуіме себепші болған..."
Абдуллах Қазақстанға қалай келгенін әңгімеледі.
"Мен Францияның Лион қаласынанмын. Қазақстанға алғаш рет саяхаттап келгенмін. Әлеуметтік желіден олимпиадада Елдос Сметовтың күресіп жатқанын көрдім, оның өнері қатты ұнады. Қазақстанның рәміздері де әдемі. Сметовпен байланысқа шығуға тырыстым. Себебі спорт - өмірімнің ажырамас бөлігі. Қазақстанға келуіме себепші болған да спорт. Кейін интернет желісінде қазақтармен сөйлесе бастадым. Олар маған елдің тілі, мәдениеті және дәстүрі туралы ақпарат берді. Бұл менің қызғушылығымды одан әрі оятты", - дейді ол.
"Қазақ тілінде ең қиыны - жалғаулар"
Француз азаматы аз уақытта қазақ тілін қалай үйреніп алғанын, тіл үйренуде қандай қиындықтар туғанын айтты.
"Қазақ тілін үйренген кезде ең қиын нәрсе жалғаулар болатын. Олар үнемі өзгереді. Францияда жүргенде үйреніп бастадым. Кейін мамандардың көмегіне жүгініп, олар маған дұрыс жол көрсетті. Қазақ тілін үйрену үшін сөйлесу қажет. Грамматика екеуін меңгеруге үш айдай уақыт кетті", - дейді ол.
Абдуллах Секими тіпті қазақша күреспен айналысқан ұнайтынын да жеткізді.
"Көбіне хоббиім - спорт және шет тілдерін оқу. Маған қазақша күрес пен дзюдомен айналысқан қатты ұнайды. Соңғы уақытта садақ ату мен көкпарға жиі барып жүрмін. Қазақтың ұлттық спорты ерекше қызықтырады", - дейді ол.
Қазақтар туралы ойы қандай?
Франция азаматы қазақтардың қандай қасиеті ұнайтынын айтты.
"Білімге деген қызғушылығы бар, ақылды әрі қонақжай, мейірімді, ең бастысы мінезі ашық адамдар. Қазақ елі туралы айтарым бұдан да көп..." - деді ол.
Ол Қазақстанда француз тіліне деген қызығушылық қандай деңгейде екенін әңгімеледі.
"Қазіргі таңда француз тілін TikTok арқылы жеңіл әдістермен үйретіп жатырмын. Өткенде Эмманюэль Макрон келіп кеткен соң көп адам француз тілінің маңызын байқады. Менің ойымша, үйренуге жеңіл болады. Өзім онлайн түрде ағылшын және француз тілдерін үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жатырмын", - деді ол.
Абдуллах Секими жеке өмірі туралы сұрақтарға да жауап берді.
"Бойдақпын. Құдай қаласа жақын арада үйленгім келеді. Қазір достарым мен әріптестерім бар, бірақ үйде жалғызбын. Сол үшін де маңызды. Менен қазақ қыздары туралы ойың қандай деп жиі сұрайды. Қазақ қыздары өте әртүрлі. Олар туыс-туғандарына қатты көмектеседі, қамқор болады. Менің ойымша, қазақ жігіттері қыздарды жақсы құрметтеп, сыйлайды. Ал жалпы мен жар таңдағанда қазақ, өзбек және үнді деп ұлт таңдамаймын, бастысы мұсылман болуға тиіс", - деді ол.
Жасұлан Ордабаев
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!