Ғылым және жоғары білім министрлігі Steppe Rider деп аталатын ойынды іске қосты. Бірақ цифрлы платформа қолданушылар көңілінен шыға қоймады. Себебі әлеуметтік желіде жұрт жаппай сынап жатыр. Қолданушылардың айтуынша, бұл, тіл үйрететін заманауи платформа емес, олқылығы көп, ойыншыққа ұқсас өнім, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Steppe Rider ойынын әзірлеуге бюджеттен 242 миллион теңге бөлген. Жоба 2025 жылдың аяғында Steam платформасына шыққан. Құжатта бұл сюжеті, кейіпкері бар, бірнеше сағатқа арналған білім беретін ойын деп көрсетілген.
Форматы қарапайым: кейіпкер тау барысына мініп, түрлі кедергіден өтіп, жүгіріп келеді. Ал қолданушылар жол жөнекей қазақша жазылған сөздің әріптерін жинаймыз.
Министрлік өкілдері бұл жобаны жай ойын емес, әдістемелік құрал деп түсіндірді. Олардың айтуынша, мұнда күнделікті өмірде қолданылатын 700 базалық сөз, ситуациялық тапсырмалар, дүкен, көше, достар ортасы сияқты шынайы өмір көріністері енгізілген. Сондай-ақ, бұл ойынды отыз мыңнан аса адам жүктеп үлгерген екен.
"Біздікі лексика-грамматикалық принципке жүйеленген. Бірінші жүйелілік, екінші сөздердің тіркесі керек. Сосын оның күнделікті қажеттілігі болуы тиіс. Сөздің анықтығы қажет. Онда синоним болмауы керек, архаизмдер, тарихи, этнографиялық сөздер емес, қарапайым лексика алынған. Бұл соған құрылған.Бұл ақысыз өнім. Ойынды тек компьютерден емес, смартфон арқылы да ойнауға болады", - деді Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз